Атырау қаласында Макс Боқаев пен Талғат Аяновтың ісі бойынша басты сот отырысы әлі жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта іске қатысы бар куәгерлерден жауап алынып, оқиғаның мән-жайы анықталу үстінде.
Отырыстың басында Т.Аяновтың бұрынғы әріптесі әрі досы Нұрлан Мәтжанов куәлік етті.
«Митинг өтпес бұрын Талғаттан WhatsApp арқылы 24 сәуірде Исатай-Махамбет алаңында митинг өтеді деген хабарлама келді. Онда бейбіт шеру жердің шетелдіктерге 25 жылға жалға берілуіне қарсы өткізілетіні айтылды. Сондай-ақ, хабарламада 1 млн гектар жер қытайлықтарға сатылады деген ақпарат болды. Митингке қатыстым, алаңға сағат 15.00 шамасында бардым. Мен келгенде адам көп жиналып тұрды, арт жағында тұрғандықтан маған ештеңе естілмеді», - деді Н.Мәтжанов.
Сондай-ақ, митингке қатысқан Аслан Кубышевтан жауап алынды. Куәгердің айтуынша, ол шеру туралы, жердің сатылатыны жайлы Facebook әлеуметтік желісінен білген. Ол жер халықтікі деп санайтындықтан митингке қатысқанын айтты. «Өз ұрпағым үшін шықтым», - деді А.Кубышев. Дегенмен, куәгер жер заңнамасында нақты қандай өзгерістер қарастырылғанын білмегенін жеткізді. Және ол Facebook желісінде Боқаевпен дос болғанын да айта кетті.
Сот отырысында, сондай-ақ, митингке қатысқан Асхат Досанов куәлік етті. Ол да шеру туралы Facebook әлеуметтік желісінен білгенін айтты. Куәгер жердің қазақстандықтарға сатылуына, шетелдіктерге жалға берілуіне қарсы өз азаматтық позициясын білдіру үшін шыққанын жеткізді. Куәгер митингте Боқаев пен Аяновты көргенін, олардың «жер сатылмасын, жалға да берілмесін» деп ұрандатып жатқанына куә болғанын айтты.
«Митинг туралы Facebook әлеуметтік желісінен білдім. Мен Талғатты танитындықтан оған шерудің заңсыз екенін айттым. Т.Аянов маған бұл туралы білетінін және жазаны көтеруге дайын екендігін айтты. Және де Талғат оған қатысты көп болса бір шара қолданылатынын ғана жеткізді»,-деді берген жауабында куәгер Ләззат Әбинбаева.
Отырыс барысында Т.Аянов пен қорғаушы тарап куәгерлерден жауап алу қажет емес деп кейін шегіне бастады. Дегенмен судья Г.Дәулешова оқиғаның мән-жайын анықтап, соттың әділ шешім шығаруы үшін іске қатысы бар барлық куәгерлерден жауап алынуы тиіс деп жауап қайырды.
Айта кету керек, бүгінгі отырысқа Қазақстандағы Нидерланды елшілігінің өкілі қатысты. Дегенмен, ол Атырауға қандай мақсатпен келгені туралы баспасөзбен бөліспеді. Бақылаушы журналистердің сұрағына жауап бермей, пікір білдіруден бас тартты.
Еске сала кетсек, М.Боқаев пен Т.Аяновқа ҚР Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша айыптар тағылуда. Атап айтсақ, олар: 174 баптың 2 тармағы, яғни, әлеуметтік және ұлттық алауыздық туғызуға бағытталған қасақана іс-әрекеттер жасау, азаматтардың ұлттық намысы мен қадір қасиетіне тіл тигізу; 274 баптың 4 тармағы, яғни, қоғамдық тәртіпті бұзуға қауіп төндіретін көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату; 400 бап, яғни, заңсыз шерулерді ұйымдастыру, өткізу және оған қатысу.