Безбүйрек ана, тастанды сәби, жетімдер үйі. Қанша талқыланса да, түйіні тарқатылмайтын бұл тақырыптар ханның да, қараның да жанына батады. Жетімін жылатпаған халықтың көргенді ұлы мен тәрбиелі қызын жат әдетке үйір қылды деп заманды айыптап, бейғам отыра беретін уақыт емес. Өйткені Қазақстанда тастанды сәбидің саны жылдан жылға артып барады. Биылғы жылдың 3 айының өзінде ата-анасы керек етпеген 8 бөбек далада қалған. Безбүйрек аналар туралы жағымсыз ақпар көбейген сайын елімізде бэби-бокс орнату туралы әңгіме де гөй-гөйлей бастайтынына ет үйренген. Әлемнің 11 елінде орнатылған мұндай жәшіктерді көзімізбен көрмесек те, атына әбден қанықпыз. Себебі халық қалаулылары жиі көтереді бұл тақырыпты. Бэби-бокс орнату мәселесін өткен жылы Мәжіліс мінберінде депутат Айқын Қоңыров көтерсе, жуырда Бақытгүл Хаменова қайта қозғады.
Сәбиді қоқысқа тастаудың қазақ қоғамында қауіпті індетке айналып бара жатқанына алаңдаған депутат Бақытгүл Хаменова Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдап, бэби-бокс орнату мәселесіне назар аударуды сұрады. «Қазақ ешқашан жетімін жылатпаған, жесірін қорлатпаған. Бұрын «баласын тастап кетіпті» дегенді оқта-текте еститін құлағымыз бүгінде «сәбиін қоқыс жәшігіне, әжетханаға лақтырып кетіпті» деген сұмдық хабарларға үйреніп бара жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерден жұрттың наразылығы мен наласына қалып жатқан оқыс оқиғалар, өкінішке қарай, былтырдан бүгінге дейін екі еселенгенін көруге болады. Бұған дәлел, Бас прокуратураның ресми мәліметіне сәйкес, 2016 жылы ҚР Қылмыстық кодексінің «Қауіпті жағдайда қалдыру» бабы бойынша 15 қылмыстық іс көтерілсе, биылғы жылдың үш айының өзінде ғана далада қалған сәбидің саны сегізге жеткен», – деді Бақытгүл Хаменова.
Көп жағдайда далада қалған балалар шетінеп кеткендіктен, елімізде олардың өлім-жітімі туралы нақты ресми дерек жоқ. Сондықтан Б.Хаменова жүкті аналарды есепке алу ісінің жүйелі жүргізілуін қадағалау керек деп есептейді. «Жалпы, қыз баланы тәрбиелеу деген сөз, ұлтты тәрбиелеу деген сөз. Қазіргі таңда отбасыдан бастап, балабақша, мектеп, колледж, тіпті жоғарғы оқу орындарында тәрбиеге жете көңіл бөлініп келе ме? Қоғамның дерті болған мәселені бірлесіп шешу үшін келесі жәйттерге назар аударуды сұраймын. Алдымен, денсаулық сақтау министрлігі тарапынан жеткіншектің жетілуі кезеңіндегі бақылау мен жүкті аналардың есепке тұру ұстанымы қалай жүргізілуде? Екіншіден, білім ошақтарында тәрбиеге қайшы келетін олқылықтарды жою үшін рухани-адамгершілік құндылығы сіңген бағдарламаны неге қабылдамасқа?», – дейді депутат. Сондай-ақ ол жастарға елімізде некесіз жүкті болып қалған қыздарға, баласынан бас тартқысы келетін келіншектерге қол ұшын созатын үміт үйлері бар екенін түсіндіру жұмыстары кемшін екенін айтты. Бүгінде республиканың түкпір-түкпірінде үміт үйлері мен үміт топтарында 333 сәби тәрбиеленуде. Мұндай ошақтар от басқан аналар үшін тығырықтан шығар бірден-бір жол.
Халық қалаулысы тығырықтан шығар тағы бір жол ұсынды. «Бэби-бокс деп аталатын үміт бесіктері бүгінде біраз елде бар. Көптеген батыс елдері аурухана жанына қойылатын жәшіктердің арқасында мыңдаған нәрестенің өмірін аман сақтап қалды. Қара суық пен ит-құстың жемтігіне айналғанша, өзге елдерде кеңінен тараған тастанды нәрестелерге арналған үміт бесіктерін орнату тығырықтан шығар амал ма дерсің?», – дейді Бақытгүл Хаменова.
Арада көп уақыт өтпей Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев халық қалаулысының депутаттық сауалына жауап берді. Премьер-министрдің пікірінше, бэби-боксты пайдалану тастанды балалар мәселесін шешпей, керісінше олардың санының артуына және отбасылық құндылықтарды ескере отырып, қоғамда теріс пікірдің туындауына әкелуі мүмкін.
«Соңғы он жылда Еуропалық одақтың 11 елінде 200-ге жуық бэби-бокстың орнатылуы тастанды балалар санының азаюына әкелген жоқ. Швеция, Венгрия, Германия, Австрия сияқты елдер тастанды балаларға арналған бэби-бокстарды пайдаланудың тиімсіздігіне байланысты мұндай тәжірибеден бас тартқан. «ЮНИСЕФ, БҰҰ-ның Балалардың құқықтарын қорғау комитеті, адам құқығы бойынша Жоғарғы Комиссар офисі де әр баланың өз ата-анасын білу құқығын бекітетін Бала құқықтары туралы конвенцияның нормаларына қайшы келетіндіктен, бэби-бокстарды орнатудан бас тартуды ұсынған болатын. Бэби-бокстарды орнату 2011 жылғы 26 желтоқсандағы «Неке (ерлі- зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 47,70- баптарының, сондай-ақ 2014 жылғы 3 шілдедегі ҚР Қылмыстық кодексінің 119, 140, 141-баптарының талаптарын бұзады», – деп жазылған жауапта.
Премьер бэби-бокс орнатып, тығырыққа тірелген аналарды баладан бас тартуға итермелейтін қадамға барғаннан гөрі, «Ана үйі» дағдарыс орталығының жұмысын жандандырған жөн дейді. «Қазіргі уақытта баладан бас тартудың алдын алу сияқты әлеуметтік маңызды мәселені шешу үшін «Ана үйі» қоғамдық қоры барлық өңірлерде 25 дағдарыс орталығының базасында өмірдің қиын жағдайына тап болған әйелдер үшін арнайы жобасын іске асыруда. Статистика бойынша ай сайын дағдарыс орталығына жаңа туған нәрестемен 45-ке жуық ана түседі екен. «Ана үйі» жобасының оң тәжірибесін ескере отырып, мемлекеттік органдар мемлекеттік емес ұйымдармен бірлесіп, нәрестелердің өмірін сақтап қалу, отбасылық құндылықтарды нығайту бойынша жүргізіп жатқан басқа да кешенді шараларымен бірге жалғасатын болады. Осы мақсатта Үкімет уәкілетті мемлекеттік органдарға көрсетілген проблемаларды шешуге бағытталған қосымша шаралар қабылдау тапсырмасын берді», – делінген Үкімет басшысының жауабында.
БэБи-бокс сәби қауіпсіздігінің кепілі ме?
Әлемнің бірқатар мемлекеттері сәби қауіпсіздігінің кепілі деп есептейтін бэби-бокстың пайда болғанына көп бола қойған жоқ. Айналасы 20 жылдың ішінде бірнеше елде қолданысқа енгізілген бұл жәшіктердің пайдасы мен зияны туралы тартыс толастар емес. Игілігі мен кедергісін таразыламас бұрын әуелі аты әйгілі «бесіктің» затына үңіліп көрелік. Бэби-бокс – арнайы медициналық жарақтандырылған жәшік. Оның көшеге қараған металлопластикті терезесі болады және жәшіктің іші арнаулы бесік-төсекпен жабдықталған. Температура 30 градус жылылықта сақталады. Шақалақ жәшікке тасталысымен, терезесі 30 секундтан кейін автоматты түрде құлыпталады. Содан кейін оны медицина қызметкерінен басқа ешкім аша алмайды. Арнайы орнатылған дабыл соғылған сәтте-ақ халаттылар тастанды сәбиді алып кетеді. Балалар заң бойынша мемлекет қамқорлығына алынады, бала асырағысы келетін мейірімді отбасыларға берілуі де мүмкін. Жәшіктерді орнатудағы басты міндет – осы.
Тағы бір айта кетерлігі, бэби-бокс маңында бейнекамера да, күзет те болмайды. Бұл сәбиді өз анасының қолымен өлтіруден аман алып қалады. Аноним қалатынына кепілдік берілетіндіктен сәбиінен безінген аналар баланы сенімді орынға қалдырады. Яғни, бэби-бокс сәбидің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, көкек-ана алда-жалда ойланып, баласын қайтарып аламын десе, ДНК анализін тапсыру арқылы және комиссиядан өтіп, сәбиін қайта бауырына басуға мүмкіндік берілетіндіктен әлемнің бэби-бокстарға қызығушылығы артты.
Бүгінде өмір терезелері Италияда, Оңтүстік Америка, Бельгия, Чехия, Австрия, Латвия мен Словакияда бар. Солтүстіктегі көршіміз Ресей де анасы бас тартқан сәбилердің өмірін сақтаудың жолы ретінде 2011 жылдан бастап бэби-бокстарды орната бастады.
Тарихқа үңілер болсақ, үміт бесігін 1198 жылы Рим Папасы Иннокентий ІІІ ойлап тапқан көрінеді. Сол бір қасіретті замандарда қиындыққа төзе алмаған аналар омыраудағы нәрестелерін Тибр өзеніне ағызып жіберген. Судың ағысы жағалауға лақтырып тастаған өлі сәбилерді көрген Рим Папасы қатты қайғырып, храмның қабырғасына осындай жәшіктер орнатқызған. Баланы қалдырған кезде сыңғырлайтын қоңыраудың даусымен шіркеу қызметкерлері келіп, сәбиді алып кететін болған. Кейін бұл тәжірибені көптеген мемлекеттер іс жүзінде пайдаланды.
2005 жылы алғашқылардың бірі болып тастанды сәбилерге арналған жәшіктерді чехиялықтар орнатты. Соның арқасында Чехия мыңдаған нәрестенің өмірін аман сақтап қалды. Бұл мемлекетте жәшіктердің көпшілігі клиникалар мен ауруханалардың жанында орнатылған. Бүгінде Чехиядағы үміт бесіктерінің саны 50-ге жетті.
Оңтүстіккореялықтар да тастанды сәбилердің өмірін сақтап қалу үшін бар мүмкіндікті жасауда. Жыл сайын Сеул көшелерінде жүздеген сәби тасталады екен. Олардың көпшілігі құтқарушылар назарына іліккенше шетінеп кетеді. Бұл қасіретке тосқауыл қойғысы келген кореялық Ли Чон-Рак атты діндар өз елінде нәрестелерге арналған жәшік ойлап тапқан. Сырты пошта жәшігіне ұқсайтын бесікке ол жылы орамал төсеп, жылытқыш қосады. Жәшіктің тұсына: «Сәбилерге арналған орын» деп жазып қояды. Алғашқы күндердің өзінде-ақ ол бес сәбидің өміріне қорған болған.
2015 жылы біздің еліміз де бэби-бокстарды орнатуды қолға алмақ болды. Үміт бесіктерін әуелі Алматы қаласына, ал 2015 жылдың соңына дейін еліміздің барлық шаһарына қоюды жоспарлаған болатын. Алайда бэби-бокстарды жаппай орнату тастанды балалар санын арттырады деп наразылық білдіргендер көбейгендіктен, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі өз шешімін өзгертті.
Арнайы жәшіктерге баласын тастап кеткен әйелдер қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтындықтан, әлеуметтік һәм моральдық қиындықтармен бетпе-бет келген аналардың бәрі сәбилерін бэби-боксқа тастап кетуді әдетке айналдыруы мүмкін деп есептейтіндердің қатарында БҰҰ-ның балалар құқығын қорғау комитеті те бар. Комитет үміт жәшіктерін қолданып жүрген елдерді бұл тәжірибеден бас тартуға үгіттеп жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Ұйым мүшелерінің пікірінше, бэби-боксқа қалдырылған сәбидің аты-жөні, ата-анасы белгісіз болып қалады. Ал бала есейгенде өзінің ата-анасын білуге құқы бар. Осы тұрғыдан келгенде, жәшіктерді орнату – баланың құқығын шектеу деген сөз.
Бэби-бокстарды қолданысқа енгізу Қазақстан Республикасы «Неке және отбасы» туралы Кодекске қайшы. Заңның 60-бабында: «Әрбір бала отбасында тәрбиеленуге, өзінің ата-анасын білуге құқылы» деп жазылған. Десе де, адам өмірін сақтап қалу мәселесі көтерілгенде басқа түйткілдің бәрі екінші орынға ысырылуы тиіс деп есептейтіндер аз емес. Олардың пікірінше, ең маңыздысы – безбүйрек анасына керек болмаған нәрестелердің басы аман, дені сау болуы. Қазақстанда жетімдер саны азайғанымен, тастанды сәбилер саны кемімей отырғанын ескерсек, олардың өміріне қорған болу мәселесінің мүмкін болатын барлық шешімі жолға қойылуы керек.
Мектептегі «мамалардың» саны көбейді
Елімізде тастанды балалар санының артуына себеп болып отырған негізгі факторлардың бірі – оқушылар арасында жүктіліктің көбеюі. Аңдамай жүріп от басқан жасөспірімдер өзінің ғана емес, құрсағына біткен шақалақтың өмірін де өксітуде. БҰҰ Халықты қоныстандыру қоры бағдарламасының (ЮНФПА) Қазақстандағы үйлестірушісі Ғазиза Молдақұлованың дерегінше, Қазақстандағы қыздардың ерте жүктілігі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерімен салыстырғанда 6 есеге жиі кездеседі.
«Ресми статистика мәліметтеріне қарағанда, 15-19 жастағы қыздардың бала туу жиілігі шамамен 35 оқиғаны, нақтырақ айтқанда 1000 қызға шаққанда 34,72 оқиғаны құрап, 2011 жылдан бері ұдайы артып келеді. Бұл үдеріс соңғы 10 жылда ешқандай өзгерген жоқ. 2011 жылы 1000 қызға шаққанда 29 оқиға тіркелген болатын. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың бала тууына қатысты ең үлкен көрсеткіш Маңғыстау облысына тиесілі – 1000 қызға 54 оқиға, одан кейінгі орында Жамбыл облысы – 1000 қызға шаққанда 50,5 оқиға, сосын Атырау облысында 46 оқиғадан тіркелген. Айта кетерлігі, Қазақстандағы бұл көрсеткіш Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерімен салыстырғанда 6 есеге жоғары. Ұйым елдерінде кәмелетке толмаған мың қызға 4-6 оқиғадан тіркеледі», –деді Ғазиза Молдақұлова.
Маманның айтуынша, ауылды жерлерде тұратын қыздарда ерте жүктілік көрсеткіші олардың қаладағы құрбыларына қарағанда 12 пайызға жоғары. Ұлттық тәрбиенің тал бесігі – ауылдың қастерлі атына таңба боп түскен мұндай оқиғалар қыз бала тәрбиесінің тізгінін босатып алғанымызды аңғартса керек. «Қызға қырық үйден тыйым» деген халық даналығының мән-маңызын ұқпайтын ұрпақ өсіп келеді. Өнеге берер ананың, үлгі көрсетер жеңгенің орнын айфон мен айпад алмастырған бүгінгі заманда қыздың ары құндылық болудан қалды. Атаның тілін алмаған ұлды, ананың тәрбиесіне көнбеген қызды қоғам қайтіп тезге салсын?
Анар Лепесова, "Түркістан" газеті