30 қар, 2016 сағат 16:32

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына – 25 балабақша

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «25 жұлдызды күн» аясында Алматы облысында бір күнде 2385 орынды 25 заманауи балабақша ашылды. Жаңа балабақшалар Іле, Қаратал, Жамбыл, Панфилов, Еңбекшіқазақ, Талғар аудандары мен Талдықорған қаласында іске қосылдыдеп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Алматы облысы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қаратал ауданы Үштөбе қа қызметласында ашылған 320 орынды «Балбөбек» балабақшасы «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынған. Білім беру мекемесінің ашылу салтанатына облыс әкімі А. Баталов қатысып, құттықтады.

- Бүгін Тұңғыш Президент күнінің қарсаңында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «25 жұлдызды күн» аясында біз облыс бойынша заманауи 25 балабақша ашып отырмыз. Бұл облыс тұрғындары үшін аса маңызды, әрі үлкен шара, - деді А. Баталов.

Мұнан соң облыс басшысы Мемлекет басшысының балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту туралы тапсырмасын орындау бағытында өңірде ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Мәселен, биылғы жылдың өзінде ғана облыста 97 балабақша пайдалануға берілген, оның 88-і – жекеменшік. Сондай-ақ облыс әкімі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы мектепке дейінгі мекемелер ашу ісі жақсы жолға қойылғанын, бүгінгі күні балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 87 % құрап отырғанын айтты.

- Бүгінгі ашылып отырған балабақшалардың барлығы да жаңа талаптарға сай, мұнда балалардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған. Мұндағы мүмкіндіктер кішкентай балдырғандардың ақылды, алғыр болып өсуіне ықпал ететініне сенемін. Шын жүректен баршаңызды Тұңғыш Президент күнімен және Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтаймын! Зор денсаулық, толайым табыс, отбасыларыңызға береке тілеймін, - деп сөзін қорытындылады А. Баталов.

Құттықтау сөз сөйлеген ардагер педагог Ұлболсын Досмолданова балаларға үшін мемлекет тарапынан жасалып отырған барлық қолдауларға ризашылығын білдіре келе:

- Мектепке дейінгі тәрбие мен білім – жаңа білім мен табысқа жетудің алғашқы баспалдақтары. Облыста жаңа, заманауи балабақшалардың ашылып жатқанына қуаныштымын, - деді.

Құттықтау сөзден кейін А. Баталов тұрғындармен бірге балабақша ғимаратын аралап көрді. Топтардың жұмысымен танысып, асхана, музыкалық залда болды. Балалардың әзірлеген концерттік нөмірлерін тамашалап, оларға ойыншықтар мен естелік сыйлықтар табыс етті.

Жалпы, осы күні 25 балабақшаның басым бөлігі Алматы қаласының маңында орналасқан халық тығыз қоныстанған аудандарда ашылғанын атап өту керек.   Мәселен, Талғар ауданында (Талғар қаласы, Амангелді, Қызыл Ту, Рысқұлов, Талдыбұлақ, Тұздыбастау, Еркін ауылдары) жалпы саны 800 орынды 9 балабақша, Іле ауданында (Өтеген батыр кенті, Жаңадәуір, Байсерке, Қоянқұс ауылдары) 520 орынды 7 балабақша, Жамбыл ауданында (Үмбетәлі, Ұзынағаш ауылдары) 470 орынды 4 балабақша, сол сияқты Еңбекшіқазақ ауданында (Жаңашар, Түрген ауылдары) 2-еу, Талдықорған қаласында және Панфилов (Пенжім ауылы), Қаратал аудандарында (Үштөбе қаласы) балабақша бір-бірден ашылды.

Аталған балабақшалар ашылғаннан кейін облыста 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту деңгейі Жамбыл ауданында 94,2 %, Талғар ауданында – 89,0 %, Панфилов – 85,1 %, Іле – 84,1 %, Еңбекшіқазақ – 82 %, Талдықорған қаласында 87 % көрсеткішке жетті.

Қаратал ауданында ашылған 320 орынды балабақшаны есепке алғанда, Қаратал ауданында бұл көрсеткіш 92 % құрап отыр. Бұл балабақшаның құрылысы Ұлттық қордан бөлінген 738 млн. теңгеге «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде жүргізілді. Бұл балабақшадағы 16 топқа 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар қабылданады. Оқыту қазақ және орыс тілдерінде. Бір топ инклюзивті, яғни тілінде мүкісі бар балалармен жұмыс істесе, екіншісі санаторлық-сауықтыру, яғни денсаулығы әлсіз, жиі ауыратын балаларды тәулік бойы тәрбиелеп, сауықтырмақ. Екі қабатты ғимараттағы муызкалық және гиманстика залдары ең соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталған. Мұнда ойын залы, жатын бөлме, медициналық кабинет, психолог, логопед, бөлмелері, физиотерапия кабинеті қарастырылған.

Балабақша ауласында ойын алаңы, футбол, баскетбол алаңдары бар. Ас әзірлеу, кір жуу бөлмелерге қажетті жабдықтар түгел қойылған. 

Естеріңізге салсақ, Тәуелсіздік жылдары Алматы облысында мектепке дейінгі мекемелер саны 47-ден 903-ке дейін артты, балаларды балабақшамен қамту деңнгейі 3,1-ден 87 %-ке дейін өсті. Мұндай сапалық көрсеткішке мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін қолдану арқылы қол жеткізілді. Алматы облысында жекеменшік балабақшалар 61,2 %-ды құрайды.

Сөйтіп, бүгінгі күні Алматы облысында 182 мемлекеттік, 288 жекеменшік балабақшалар, 433 мектеп жанындағы шағын орталықтар 64,2 мың баланы тәрбиелеп отыр.