12 жел, 2018 сағат 10:59

«Тәуелсіздік - Тәңір берген тәтті сый»

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология және әлем тілдері факультеті қазақ тіл білімі кафедрасы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» жобасы аясында «Тәуелсіздік - Тәңір берген тәтті сый» атты әдеби кеш өткізді.

Шара барысында «Тәуелсіздік деп соғады жүрегіміз. Тәуелсіздік - ең басты құндылығымыз. Тәуелсіздікке қантөгіссіз, бейбіт түрде қол жеткізгеннен кейін ғана елімізді әлемнің өркениетті мемлекеттерінің қатарына қоса алдық.

27 жыл ішінде тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырып, нарықтың қиын өткелектерінен аман өттік. Осы кезеңде Қазақстанды дүние дидарындағы ең мықты мемлекеттер танитындай, сыйлайтындай деңгейге жеткізген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтай көреген саясаткердің ерен еңбегін әрқашанда айтып өтеміз. Тәуелсіздік күні еліміздің барлық азаматтары үшін орны ерекше мереке деп білеміз, себебі, осынау жүрекжарды қуанышқа толы күнді ата - бабаларымыз ғасырлар бойы армандап, күтумен өтті» деп тебіренген жас қырандар шағын көрініс арқылы ата-баба аруағына тағзым жасады.

Тәуелсіздік ұғымын терең түсіндіру, студенттердің бойына Отанына, еліне деген сүйіспеншілік пен бірлік, татулық ұғымдарын терең сіңіру мақсатында ұйымдастырылған кеште студенттер тәуелсіздікке арналған жырларын оқып, өнерлерін көрсетті.

Жүрекжарды жыр астарынан студенттердің патриоттық сезімін, отансүйгіштік қасиетін аңғаруға болады. Ынтымағы, бірлігі жараса шалқыған елдің, көптеген ұлт пен ұлыстарға алтын бесік болған мемлекеттің ұланы екендіктерін мақтаныш сезімдерімен жеткізді. Мемлекеттік тілді құрметтеуге, өз ұлтын жанындай сүйетін саналы, білімді, іскер азамат қалыптастыруға бағытталған мерекені қазақ тіл білімінің оқытушылары Ж. Саткенова, Ә. Әміров,  Б. Құлжанова, Л. Әлімтаева ұйымдастырды.

Қазақ тіл білімі кафедрасының оқытушылары Ж. Саткенова, Ә.Әміров.