15 жел, 2021 сағат 15:54

Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік отшашу елорданың үш нүктесінде іске қосылады


Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Нұр-Сұлтанда демеушілік қаражат есебінен ұйымдастырылған мерекелік салют болады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Мерекелік отшашу бүгін, 15 желтоқсанда сағат 21:00-де қаланың үш нүктесінен басталады:

- Ботаникалық бақтың аумағы;

- Атырау көпірінің солтүстігіндегі Есіл өзенінің сол жағалауы;

- Ақбұлақ өзенінің солтүстік жағы, Пушкин көшесі мен Абылай хан даңғылының қиылысы.

Айта кету керек, Тәуелсіздік күнін мерекелеу әлеуметтік нысандардың ашылуымен қатар жүреді: 20 мыңнан астам оқушы орнына есептелген жеті мектеп, 2,5 мың әлеуметтік пәтерге 6 көппәтерлі тұрғын үй кешені (Қолжетімді тұрғын үй), үлескерлердің 2 мың 400 отбасына 9 үлестік құрылыс нысаны және т. б.

Сонымен қатар, мерейтойлық датаға орай қаланың мәдениет мекемелері көрмелерден бастап тарих сабақтарына дейін бірқатар іс – шаралар дайындауда.

16 желтоқсанда Тәуелсіздік күніне орай "Nomad City Hall" сахнасында "Жас Абай" спектаклі көрсетіледі.

16 және 17 желтоқсанда Астаналық цирктің бас манежінде "Астаналық цирк от жағады" қайырымдылық цирк бағдарламасы өтеді.

17 желтоқсанда "Жастар" сарайы "Менің Отаным – Қазақстан" концерттік бағдарламасына шақырады.

Елорда кітапханалары ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге орай қала тұрғындары үшін іс-шаралар дайындады.

15 желтоқсан күні № 3 бұқаралық кітапханада "Тәуелсіздіктің бастауы - желтоқсан" атты тарих сабағы, №5 бұқаралық кітапханада "Тәуелсіздік туы астында 30 жыл" атты ақпарат сағаты, №15 бұқаралық кітапханада "Тәуелсіздік – елдің тірегі" атты тарих сағаты өткізіледі. 16 желтоқсанда Орталық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы " Тәуелсіз елім – Қазақстаным" кітап көрмесіне, №2 Балалар кітапханасы "Егемен елміз, еркінбіз! ертеңгілігіне, ал № 3 бұқаралық кітапхана – "Желтоқсан көтерілісі-тәуелсіздікке ұмтылған жастардың күресі" атты тарих сабағына шақырады.

Барлық іс-шаралар санитарлық нормаларды сақтай отырып жүргізіледі. Елорда тұрғындары мен қонақтары маска режимі мен әлеуметтік қашықтық туралы ұмытпауы керек.