04 қар, 2016 сағат 15:33

«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Шығыс Қазақстанға келді

Бүгін Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Ақтоғай ауылына мамандандырылған мерекелік «Тәуелсiз Қазақстан» жолаушылар пойызы келді. Темір жол вокзалының перронында 7 министрлік және 3 қазақстандық ұлттық компания өкілдерінен құралған «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының делегациясы салтанатты түрде қарсы алынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мәлім боғландай, арнайы пойыздың елді мекендерге сапары Қазақстан Тәуелсіздігінің 25-жылдығына арналған республикалық акция аясында өтуде. Бүгін Ақтоғай ауылының тұрғындары білім беру, медицина, әлеуметтік қамсыздандыру, құқықтану, ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша пойыздың білікті мамандарынан ақыл-кеңес алу мүмкіндігіне ие.

Медициналық қызметкерлер пациенттерді қабылдап, жергілікті халыққа консультациялық қызметтер көрсетеді. Одан бөлек, бірнеше ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жоспарланған. Мәселен, Тәуелсіздіктің 25-жылдығына арналған «25 жылдың белестері», «Модель мира и согласия - бренд Казахстана», «Казахстанская идентичность как фактор личной ответственности казахстанцев» дәріс-презентациялары өтеді.

«Тәуелсiз Қазақстан» пойызы делегаттарының жұмысы аяқталған соң, Ақтоғай ауылында концерт өтеді. Ал ертең пойыз Шығыс Қазақстан облысының орталығы - Өскемен қаласына, Защита станциясына барады. Еске сала кетсек, көлемді республикалық акцияны Қазақстан халықтар ассамблеясы ұйымдастырды. Оның мақсаты - егемендік жылдарындағы ел жетістіктерін, бастамаларын насихаттап, xалық рухын көтеруге негізделген.

Астаналық пойыз 35 елді мекенді аралап, өз жұмысын 14 желтоқсан күні Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматы қаласында аяқтайтын болады. Шығыс Қазақстанда пойыз 7 қарашаға дейін болады.