Сурет: pm.kz
Қаржы министрлігімен Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасы аясында «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа Заң жобасы әзірленді. Құжат мүдделі мемлекеттік органдармен және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерімен келісілді.
Заң сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, сатып алу процесінің мерзімдерін оңайлатуға және қысқартуға, рәсімдерді одан әрі автоматтандыруға, мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігін күшейтуге, сондай-ақ сатып алу бойынша бірыңғай платформа құруға бағытталған.
Сонымен қатар, шағымдану тетігі, қоғамдық мониторинг институтын, «орнықты мемлекеттік сатып алу» элементтерін, сондай-ақ ЕРС-келісімшарттар – «толық аяқталған» құрылыс, офтейк-келісімшарттарды енгізу көзделеді.
1. Жеңілдету және мерзімін қысқарту
Бүгінгі таңда конкурсты өткізу мерзімі шамамен екі айды құрайды. Бұл барлық рәсімдік кезеңдерді сақтау қажеттілігіне байланысты – хабарландыру мерзімі, алдын-ала талқылау, алдын-ала рұқсат беру, шағымдану мерзімі және т. б. Бұл Қағидаларда сатып алудың барлық тәсілдері бойынша ең қысқа мерзімдерді белгілеуге мүмкіндік береді (мысалы, конкурс бойынша 1 айға дейін).
2. Шағымдарды қараудың жаңа механизмі
Сатып алуды жедел өткізу, тапсырыс берушілерге көбірек өкілеттік беру, сондай-ақ сатып алу рәсімдерінің кешіктірілуін болдырмау мақсатында, енді шағымдарды қарауды сатып алуды ұйымдастырушының өзі тікелей жүзеге асыратын болады. Қорытындыға шағымдану құқығы жеңімпазды конкурстық комиссия айқындаған сатып алулар бойынша ғана көзделген. Бұл ретте, конкурстық комиссияның әкімшілік жауапкершілігі сақталады (ҚР ӘҚБтК 207-бабы).
Жеңімпаз веб-порталмен автоматты түрде анықталған сатып алу қорытындылары шағымдануға жатпайды. Бұл ретте, бақылаушы орган тарапынан сатып алу қорытындыларының күшін жою және қайта қарау құқығы алынып тасталады.
Сатып алу қорытындыларына сот тәртібімен шағымданған жағдайда, сатып алу рәсімдері тоқтатылмайды.
3. Өнім берушілердің жауапкершілігін күшейту
Үлестес компаниялардың сатып алуларына қатысу үшін шектеу шаралары күшейтілді.Міндеттемелерді тиісінше орындау мақсатында берілетін жұмыстар көлемі 50-ден 30% - ға дейін қысқартылды.
Тапсырыс берушінің жұмыстарды орындау орны бойынша тіркелген өнім берушінің материалдық және еңбек ресурстарының болуын талап ету құқығы көзделген.
4. Қоғамдық бақылау
Қоғамдық бақылау субъектілері веб-портал арқылы және ондағы қамтылған ақпарат негізінде «Қоғамдық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік сатып алуға қоғамдық мониторинг жүргізе алады.
Осыған байланысты жұмыстарды орындау кестелерін, шарттардың орындалуы бойынша есептерді жалпы қолжетімділікте орналастыру, сондай-ақ шарттардың орындалуын мониторингтеуге қоғамдық кеңестерді тарту ұсынылады.
5. EPC – келісімшарттар - «толық аяқталған» құрылыс
Жобаны іске асырудың барлық кезеңдерінде, жобалаудан бастап құрылысқа дейін және объектіні пайдалануға беруге дейін бір өнім берушінің құрылысты жүзеге асыруы. Бұл жобаны іске асыру уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
6. Офтейк келісімшарттары
Отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында офтейк-келісімшарттарды қолдана отырып, тауарларды кепілдіендірілген сатып алу жөніндегі жүйесі енгізілуде.
7. Бір көзден сатып алу
Конкурсқа қатысуға бір өтінім ұсынылған жағдайда мұндай сатып алу өткізілді деп танылады және қайта конкурс өткізу қажет болмайды. Тапсырыс берушілердің маңызы болмашы сатып алуларды сатып алуы мақсатында бір көзден 100 АЕК-ке дейін тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді 500 АЕК-ке дейін сатып алу құқығы көзделген. Ал ауылдық әкімдіктер үшін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу шегі 3 мыңнан 4 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
Бір көзден сатып алуды қысқарту мақсатында зияткерлік меншік объектілеріне жататын тауарларды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға монополияға қарсы органның қорытындысы болған кезде ғана жол беріледі.
Заңда заңнаманы жақсартуға бағытталған құқық қолдану практикасының нәтижелері бойынша басқа да түзетулер қарастырылған.