05 мам, 2017 сағат 11:31

Тасыған Жайық 7 хан жерленген Сарайшықтағы жұмысты тоқтатып тастады

Жайық өзенінің тасып, судың көтерілуіне байланысты жеті хан жерленген Сарайшықты судан қорғау жұмысы уақытша тоқтатылды.  

Жағаны бекітумен айналысып жатқан бас мердігер "АИС-Астана" компаниясының өкілі Асқар Төленовтің айтуынша, жұмыстың уақытша тоқтайтыны әуел баста белгілі болған, сондықтан бұл кідіріс 2018 жылы аяқталуы керек жобаның ұзақтығына әсер етпейді. Ол жұмыстың үш күн бұрын тоқтағанын айтты.  

Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөнiндегi Жайық-Каспий бассейндiк инспекциясының басшысы Ғалидолла Әзидуллиннің айтуынша, бүгін Жайықтағы су деңгейі 365 сантиметр көтеріліп, 672 сантиметрге жетті. Ал аймақтағы қауіпті деңгей - 850 сантиметр. Ғалидолла Әзидуллин судың бұл қауіпті көрсеткішке жетпейтінін болжап, тілсіз жаудың маусым айының басында қайта бастауы мүмкін екенін айтты.  

Ал, бас мердігер компания өкілі барлық қауіпсіздік шараларының жасалғанын растады.

"Жұмысты тоқтатпас бұрын жағаға топырақ салынған қапшықтарды тізіп қойдық. Бұны толқынның жарға соғуын барынша бәсеңдету үшін жасадық", - дейді ол. Өкілдің айтуынша, су қайтқан соң мамандар қайта іске кіріседі.  

Асқар Төленов тиісті 6000 шаршы метр бетонның үштен бірінің құйылып үлгергендігін жеткізді.

Айта кетелік, былтыр Атырау облысының әкімдігі 1,5 миллиард теңге қарастырып, көне шаһарды шайып бара жатқан Жайық өзенінің жағасын бекітуді бастады. Одан кейін Мәдениет және спорт министрлігі ежелгі қаланы қалпына келтіру үшін тағы 100 миллион теңге бөлетінін мәлімдеді. Сарайшық қаласын туристік орталыққа айналдыру үшін кәсіпкерлерді тарту жоспарланып отыр.  

Көне шаһар Атырау қаласынан 45 шақырым жерде, Жайық өзенінің жағасында орналасқан. Алтын орда хандығының саяси, экономикалық орталықтарының бірі болған қала Қасым ханның тұсында Қазақ хандығының астанасы атанды. Жібек жолының бойында тұрған мұнда 7 хан жерленген. Олар: Мөңке, Тоқтағу, Жәнібек, Әмір Оқас, Қасым хан, Ших Мамай және Жүсіп хандар.   

Баян Жанұзақова

ҚазАқпарат