12 мам, 2018 сағат 18:24

"Тәртіпті боп көрінуіміз керек…"

Күн едәуір көтеріліп қалған кез болса да, терезесі терістік жақтағы тапал үйдің іші қара көлеңке, бұрыштары қарауытып күңгірт көрінеді. Төр алдында, қоңыр бөстек үстінде екі қолын екі жаққа созып жіберіп Сапар шалқасынан түсіп ұйықтап жатыр.

— Ау, батыр, тұр енді, — деді Баймұрат завхоз, баласына төніп.
Сапар бір қозғалып түсті де, ұйқылы көзімен теріс айналды. Осы ояна алмай жатыр ма деген адамша Баймұрат баласын қатты жұлқыды:
—Мен конторға барам. Аш ұйқыңды! Балада үн жоқ.
—Менен бірдеңе көрейін демесең, тұр шапшаң! — деді Баймұрат қаһарына мініп.

Талай естіп, «айналайынымен» бірдей болып кеткен, артында зілі жоқ бұл қоқан-лоққы сөз баланың қаперіне кіріп те шықпады. Ол көзін ашып әкесіне бір қарады да, үнсіз бұртиып, қайтадан көзін жұмды.

—Мезгілінде ұйықтамайды да, бірдеңе бітіргенсіп тұрмайды бұл шіркін!
Мұнысынан ештеңе шықпайтынын көрген Баймұрат:
—Бүгін сабағың басталады ғой. Соған бармаушы ма едің, — деп әлгідей емес, күйбіжікке басып, жауапкершіліктің салмағын баланың өзіне арта сөйледі.
—Әлі ерте, — деді бала еріншектікпен тіл қатып.
—Қайдағы ерте, сегіз болды.
—Тұрайын, не бересің? — деді манадан бері ұйқының құшағында жатыр деген Сапарымыз көзін жалт еткізіп ашып алып.
—Не берейін мен саған?
—Көгершін алатын ақша бер.
«Ақша» деген сөз естілгенде Баймұраттың түсі бұзылып, жүзіне ызғар сыздап шыға келді де:
—Өй, қанжауыр, ақша дегені несі? Өшір үніңді, — деп зекіді. Түнергені болмаса, жауары жоқ әке мінезінің сыры өзіне мәлім Сапар:
—Ақша бермесең, тұрмаймын, — деп әдейі қасарды.

Баймұрат бұдан әрі қарыса алмады. Әдетте, ол құлаққа жат бейпіл сөздерді «жомарттықпен» өлшеусіз көп жұмсап лекітіп алатын да, онысына өзі парық бермей, тез ұмытатын. Егер осындай әбден тұтанды деген шағының өзінде баласы жыламсырай бастаса, дереу райдан қайтып, оның көңілін табуға асығатын. Шешеден жастай қалып, осындай көңілшек әкенің бауырында беті қағылмай өскен Сапар өз қалағанының бәріне оны бәйек ететініне әбден көзі жетіп, еркелікке салынып алған. Қит етсе, «ақы» сұрап әбігерлейді. Әкесі оның, бұл мінезін тыюдың орнына, өршітіп, әмірін екі етпейді. Өзінің сол дағдылы осалдығымен ол бұл жолы да тез «жеңілді».

—Ақылы бар, тұрады өзі, — деп баласына жалына-жалбарына отырып, оны еркелете арқаға қақты.
—Алдамай-ақ қой, бәрібір, ақша бермесең тұрмаймын!
Басқа назының бәрін көтеріп алуға әзір, бірақ ақшаға келгенде қиналатын завхоз не істерін білмей, бір қызарып, бір сұрланып, баланы жасқандырмақ болып ашу шақырып та көріп еді, одан ештеңе өнбеді. Әкесінің тулап алысқа бара алмайтынын айқын аңғарып, іштей мырс-мырс күліп жатқан Сапар оңайлықпен берілмеді. Ол міз бақпай бұрынғысынан бетер бедірейді. Мысы құрыған Баймұрат басқа лаж таппай:
—Әй, қанжауғыр-ай, ал! — деп үш теңгелікті лақтырып тастады.
—Бұл аз!
—Қап, мынаны-ай, ә!..

Ол біраз қинала толқып тұрды да, ішкі қалтасын ақтарып, орамалға шиыршықтап оралған бір буда ақшаны сапырылыстырып, әрең дегенде үш сом тауып, балаға тағы лақтырды.

Сапар ақшаны шап беріп қағып алды да, сықылықтап күліп орнынан тұрды.
—Тамағыңды іш те, сабаққа бар, күшік, — деп завхоз да рақаттана күлді.
—Алақай! Қазір көгершін алам. Содан кейін сабаққа барам, — деп жайраңдаған Сапар, қолын жумастан, үлкен бір таба нанды алып, ауызға бұралап тыға бастады.
—Есікті жап та, кілтті маңдайшаға қалдырып кет.
—Жарайды, білем…

Жолы болған Сапар ішіне «ел қондырып» алған соң үйден шығып, досы Сейтендікіне қарай бет алды. «Бұл маған көгершінін алты сомға берер ме екен» деп ойлады ол жолшыбай.

Сейтен үйінде жоқ болып шықты. Есігі жабық тұр. «Бұл мектепке кеткен болды ғой» деп енді солай жүрді.

Мектеп маңы қаптаған адам. Біреу кіріп, біреу шығып, сапырылысып жатыр. Балалармен аралас үлкендер де жүр. Көптің тасқынына араласып, Сапар да ішке кірді.

Шын думан мектептің ішінде екен. Самсаған балалардан көз сүрінеді. Мектеп табалдырығынан жаңа аттаған жеті жасар бөбектер әлденені жатырқағандай, аяқтарын еппен басып, ертіп келген әжесіне, я әкесіне тығыла ұйлығады, дауыстарын да ақырын шығарып, жасқана сөйлеседі. Ал, ересек балалар залды бастарына көтере даурыға сөйлеп, аяқтарын нық басады… бұл дүрмектің ішінен Сапар іздеген досын көре алмады. «Ол қайда болды екен» деп қайтадан есік жаққа көз салып еді, бұрышта оқшау тұрған, өзімен бірге оқитын Бектайды көрді.

—Сен Сейтенді көрдің бе? — деді ол Бектайдың қасына келіп.
—Сен жақсы келдің, — деді анау мұның сұрағанына жауап берудің орнына қуанып.
—Мені қайтпекші едің?
—Ақырын, абайла, құлағыңды бері әкел, — деді Бектай сыбырлап.
Сапар құлағын тосты.
—Әдебиеттен жаңа мұғалім келгенін білемісің?
—Білемін.
—Өзін көрдің бе?
«Көргенді айтасың, біз Сейтен екеуміз оның кім екенін білмей, мазақ еткенбіз» деп қала жаздап, Сапар өзін әрең тоқтатты да:
—Көргемін, — дей салды.
—Оқу жұмысын да сол басқаратынын естіп пе едің?
—Оны да естігем.
—Естісең сол, — деді Бектай дегбірсізденіп.
—Немене сол, — деді Сапар оның не айтып тұрғанына түсінбей.
Өзі қатал, өзі тәртіпті жақсы көреді дейді, титтей тәртіпсіздік көрсе, төзбейді дейді.
—Осының бәрін сен қайдан ести бересің?
—Бану тәтем айтты.
— Ә, мейлі... Сен мені неге іздегеніңді айтшы, — деді Сапар мұғалім жайындағы әңгімені тыңдауға селқостық білдіріп.
—Біздің класс қашанғы жаман бола бермек… Алғашқы бетте, тым болмаса, оның көзіне тәртіпті класс болып көрінуіміз керек. Әйтпеген күнде, бізге абырой жоқ, білдің бе?, -  деп жауап қатты сыныптасы...

Мұқан Иманжановтың «Алғашқы айлар» повесінен үзінді