04 қыр, 2024 сағат 11:36

"Тарихи күн": қазақтың құмай тазы иті ресми тұқым ретінде танылды

Фото: pexels.com

Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) тазыны алдын ала ресми тұқым ретінде танып, Қазақстанның тұқым стандартының иесі ретіндегі мәртебесін бекітті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" федерацияға сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасы Президенті іс басқармасының сайтында шешімді FCI Бас комитеті қабылдағаны және бұл тазыны қазақ тұқымы ретінде халықаралық деңгейде толық тануға дейінгі негізгі әрі соңғы кезең екені нақтыланады.

"Бүгін сіздердің ел және біз үшін тарихи күн. FCI Стандарттар комиссиясы мен FCI Ғылыми комиссиясы ұзақ процедурадан кейін тұқымды қабылдауды Бас комитетке ұсынды. Құттықтаймын! Алда сізді 10 жылдық жұмыс күтіп тұр. Осы уақыт ішінде FCI Ғылыми комиссиясы талап ететін тұқым бойынша денсаулық сынақтары, тіркелген күшіктер туралы статистика және басқа да мәліметтер жиналуы керек. Иттердің денсаулығы мен әл-ауқаты қазіргі уақытта ең маңызды мәселелердің бірі. FCI Қазақстандағы тұқымның жүйелі дамуын қадағалайтын болады", – деді FCI президенті Тамаш Яккел, Бас комитеттің шешімін түсіндіре отырып.


Қазақ ит тұқымдарын сақтау және олардың халықаралық деңгейде мойындалуы мәселесі 2022 жылдан бастап мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ҚР Президенті іс басқармасының қамқорлығында.

Өкілетті орган ретінде Экология және табиғи ресурстар министрлігі белгіленгенін ведомство еске салды.

"Кейінгі екі жылда ауқымды жұмыстар жүргізілді: тиісті заңдарға өзгерістер енгізілді, тазының стандарты бекітілді, ғылыми зерттеулер, асыл тұқымды қараулар мен көрмелер өткізілді", – делінген жарияланымда.


Тұқымдарды тіркеу (тану) тек Халықаралық кинологиялық федерацияда (FCI) толыққанды мүшелігі бар ұлттық кинологиялық ұйымдар арқылы жүзеге асырылады.