31 нау, 2017 сағат 12:15

Таразда жас ғалымдардың халықаралық жиыны өтті (фото)


Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Жас ғалым 2017» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Алтыншы рет ұйымдастырылған алқалы жиынға 400-ден астам жас дарын жиналды, деп хабарлайды ТарМПИ-дың Ақпараттық-имидждік қызметінің жетекшісі Жандар Асан.

Олардың арасында Қазақстанның барлық аймағындағы орта мектеп пен жоғары оқу орындарының студенттері, магистранттары мен докторанттары бар. Сондай-ақ, шараға танымал тарихшылар мен белгілі ғалым-зерттеушілер, Қазақстан, Жапония және Қырғызстанның арнайы білім беру мекемелерінің қызметкерлері де шақырылған.

Педагогикалық оқу орны конференцияны еліміздегі жас ғалымдардың шығармашылық қабілетін шыңдау үшін екі жылда бір рет ұйымдастырады. Биылғы кеңес ТарМПИ-дың 50 жылдығына арналып отыр.

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының Тәрбие ісі және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Орынқыз Жолдасова институт ректоры Дария Қожамжарованың конференцияға қатысушыларға жолдаған құттықтау хатын оқып берді.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізді ғылыми-инновациялық салада зор серпіліс жасап, еуразиялық кеңістікте осы саланың көшбасшылардың бірі болу керектігін міндеттеді. Қазіргі күнде жан-жақты дамыған ғылымсыз өркениетті мемлекеттердің қатарына қосылу мүмкін емес екені баршаға белгілі ақиқат. Сіздер – сол ғылым әлемінде бақ сынап жүрген жас ұрпақтың өкілдерісіздер. Турасын айтсақ, сіздердің болашақтарыңыз – елдің болашағы, ұлттың ертеңі. Алдымызға қойып отырған бұл міндеттер аса ауқымды. Ол үшін бәрімізге үлкен күш-қайрат, ерік пен жігер керек. Бастысы білім мен ғылым керек. Қазақстан экономикасының өзегі білім мен ғылымға негізделуі қажет. Сонда ғана жоспарымыз орындалып, көздеген мақсат үдесінен шығатынымызға сенімдіміз, – делінген ректор құттықтауында.

Конференция барысында Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының саясаттану ғылымдарының PhD докторанты, білім ғылымдарының PhD докторанты Ләззәт Илимханова «Академиялық хаттардың Қазақстан ғылымындағы маңызы: әлемдік тенденциялар», Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Гүлнар Мұратбаева «Бағалау өлшемдері – білім сапасын бақылаудың сенімді құралдары», Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Галина Бедусенко «Роль диалога в процессе обучения русскому языку нерусской аудитории», Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің PhD докторанты Райля Ізмағамбетова «Оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдері» және Тараз мемлекеттік педагогикалық институты жанындағы Ж. Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Ордалы Қоңыратбаев «Тұрар Рысқұлов және Орталық Азия студенттері» тақырыптарында баяндамалар жасады.

Конференцияның басты мақсаты – жас ғалымдардың жасампаздық әлеуетін дамыту, оларды заманауи ғылымның маңызды мәселелерін шешуге белсенді түрде тарту, ғылыми білім беру кеңістігін дамыту. Сондай-ақ, жиынның тағы бір көздегені – ізденушілердің өзара байланыс орнатуларына, тәжірибе алмасуларына ықпал жасау. Айта кету керек, бұл орайда Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Kids University» жобасы іске асырылуда.

Биылғы конференция гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары секциялары бойынша өткізілді. Аталған секциялар бойынша барлығы 500-ден астам жұмыс келіп түскен.

Шара барысында қазақстандық жас ізденушілердің ғылыми жетістіктерінің көрмесі өткізіліп, отандық және шетелдік ғалымдардың жастарға арналған шеберлік сыныптары жүргізілді.

Жамбыл облысындағы Көкдөнен орта мектебінің 9-сынып оқушысы Бақнұр Байелиев конференцияға елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған ғылыми жаңалығын ала келіпті.

– Біздің ауылда су күндіз ғана ағады. Ол кемшілікті жою үшін суды қайта айналмалы жолмен үлкен мұнараға құйып, жібергім келеді. Егер тәулік бойы суды үздіксіз ағызсақ, оларды тікелей үйге қойып алса да болады, – дейді Б. Байелиев.

– Өскелең ұрпақтың шығармашылық, ғылыми-зерттеу жұмыстарын насихаттау мен оны кең көлемде жариялауда, олардың тұлғалық дамудың тәсілі ретіндегі жобалық зерттеу іс-әрекеттеріне тартуда және білім беру үрдісінің тиімділігін көтеру мен қолданбалы ғылымға деген қызығушылықтарын дамытуда осы тақілеттес жиындардың маңызы зор, – дейді шара ұйымдастырушылары.

Конференцияға келіп түскен материалдар негізінде арнайы жинақ шығару көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде еліміздегі ізденуші жастарға, ғылыми жұмыстармен айналысатын ғалымдарға және инновациялық даму стратегиясын жоспарлап, жүзеге асырушылар үшін маңызды теориялық және әдістемелік көмекші құрал болмақ.

"Ұлт ақпарат"