21 нау, 2017 сағат 20:46

Таразда «Шаттық күні» атты мерекелік кеш өтті

21 наурыз күні Тараз қаласындағы Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақта «Шаттық күні!» атты мерекелік кеш өтті.

«Жастар ресурстық орталығы» мекемесі және Жамбыл облысы «Қазақстан студенттерінің Альянсы» Республикалық студенттік қозғалысының ұйымдастыруымен өткен кештің мақсаты - «Қазақстан 2020: болашаққа жол» Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру, «22 наурыз – Ұлыстың Ұлы күні» мерекесіне орай Қазақстан халықтарының мәдениетін жақындастырып, жалпы мәдени құндылықтарды және ұлттық келісімді қалыптастыру, халқымыздың салт-дәстүрін бойларына дарыту.

Іс-шара жарапазан айтушы баламен бастау алса, Қыдыр атаның көпшілікке арнаған ақ батасымен жалғасып, қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына байланысты «Бастау» дәстүрін Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің студенттері көрсетіп, салт-дәстүрге байланысты викториналық сұрақтар қойылып, «Бауырсақ батл», «Наурыз көже батл» ұйымдастырылып, жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталып, шара мерекелік бағдарламамен жалғасын тапты.

Іс-шара барысында спорттық – ойын-сауық іс-шаралары қатар өткізілді. Спорттық ойындар «Гір тасын көтеру» бойынша және «Асық ату», «Шекемтас», «Ләңгі», «Арқан тартыс» сияқты ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өткізілді.

Аталған ойындардың қорытындысы бойынша «Гір тасын көтеру» ойыны бойынша І орын Е.Уманкулов, ІІ орын Ш.Мамаев, ІІІ орын С.Шалибай, «Асық ату» бойынша І орын А.Құрбанов, ІІ орын Б.Темірхан, ІІІ орын А.Маханов,  «Ләңгі» ойыны бойынша І орын К.Қоканбаев, ІІ орын А.Биғазиев, ІІІ орын А.Орынбаев, «Шекемтас» ойыны бойынша І орынды Д.Қасымбекова, «Арқан тартыс» ойыны бойынша І орын «Ұлан» командасы, ІІ орын «Қыран» командасы, ІІІ орын «ЖПК» командалары иеленіп, қатысушыларға арнайы сыйлықтар табыс етілді. Іс-шара соңында жиналған көпшілікке ұлттық тағамымыз «Наурыз көже» таратылды.

Іс-шараға барлығы 300-ге жуық адам қатысты.

"Ұлт ақпарат"