12 қар, 2021 сағат 21:38

Таразда грек-рим күресінен өтіп жатқан турнирге төрт елден 350-ге жуық балуан жиналды


Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Таразда грек-рим күресінен Олимпиада және әлем чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы ашық республикалық турнир басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Байрақты бәсекеде ел спортшыларымен бірге Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Тәжікстаннан келген 350-ге жуық спортшы күш сынаспақ.

Турнирдің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев спортшыларға сәттілік тіледі.

«Біз бүгін Мәскеу Олимпиадасының және әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында Жақсылық Үшкемпіровке арналған республикалық ашық турнирге жиналып отырмыз. Елімізді әлемге танытқан Жақсылықтай тұлғалардан жасөспірімдер үлгі алуы тиіс.

Бүгінгі іс-шараға да Олимпиада, әлем чемпиондарының құрметті қонақ болып келуі бекер емес. Себебі, Олимпиада чемпиондары Ермахан Ыбырайымов, Юрий Миличенко, Олимпиада жүлдегерлері Болат Жұмәділов, Елдос Сметов, Ақжүрек Таңатаровтардың осы жарыстан бой көрсетуі – жасөспірімдерге үлкен күш-жігер береді. Жарысқа қатысушылардың барлығына сәттілік тілеймін, алыс-жақын шетелдерден келген жас спортшыларға ризашылығымды білдіремін», - деді аймақ басшысы.

Мұнан соң Олимпиада чемпиондары Ермахан Ыбырайымов, Юрий Миличенко сөз алып, спортта жеңіске жету – үлкен еңбек пен сәттілікті талап ететінін баса айтып, Жақсылық Үшкемпіровтың даңқты жолынан сыр шертті.

Мәскеу Олимпиадасының чемпионының туған әпкесі Шырынкүл Үшкемпірова тебірене сөз сөйлеп, бауырына көрсетіліп жатқан барлық құрметі үшін алғыс айтты.

Мұнан соң боз кілемде күрес басталып кетті. Жарыстың алғашқы жекпе жектерінде жамбылдық балуандар 51 келі салмақтағы Аян Махметәлі, 71 келі салмақта Бейбарыс Шымырбек жеңіске жетіп жерлестерін қуандырса, қырғыз балуаны Сәбит Шәмшиди де ақтөбелік Нұрлан Ақылбектен айласын асырды.

Турнир 14 қазанға дейін жалғасатын болады.