10 нау, 2026 сағат 11:22

Таразда әйел алтындарын сатып, «ұры түсті» деп полицияға хабар берген

Фото: ашық дереккөз

Тараз қаласында полицияға жергілікті тұрғыннан өзіне қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы хабарлама түсті, деп хабарлайды Ult.kz.

Әйелдің айтуынша, бетперде киген белгісіз ер адам оның үйіне кіріп, қарумен қорқытып, қолын байлап, алтын әшекейлері мен ақшасын алып кеткен.

Ауыр қылмыс туралы хабарламадан кейін полиция шұғыл түрде тексеру жұмыстарын бастаған. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері тергеп-тексеруді қолға алып, жедел қызметтер жұмылдырылып, іздестіру және тергеу шаралары жүргізілді. Алайда көп ұзамай бұл оқиғаның шындыққа жанаспайтыны белгілі болды.

Полиция анықтағандай, әйел адам күйеуімен жанжал туындамас үшін қарақшылық шабуыл туралы оқиғаны ойдан шығарған. Шын мәнінде ол алтын әшекейлерін бірнеше ай бұрын күйеуіне айтпай сатып жіберген.

Аталған дерек бойынша қылмыс туралы көрінеу жалған хабарлама беру фактісімен тергеу амалдары басталды.

Полиция жалған ақпарат тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті. Мұндай әрекеттер құқық қорғау органдарының күштері мен ресурстарын нақты қылмыстарды ашу мен тергеуге жұмсауға кедергі келтіреді.