10 қаң, 2024 сағат 10:38

Тараз әуежайында ұсталған қыздың ата-анасына айыппұл салынды

Фото: yourchoice.ru

SCAT әуекомпаниясының «Атырау-Тараз» бағытындағы рейсі ұшып келгеннен кейін Тараз қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері акт бойынша құқықбұзушыны түсіріп алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Көліктегі полиция департаментіне сілтеме жасап.

Тексеру барысында көлік полицейлері Атырау қаласының 15 жастағы тұрғынын анықтаған. Ол ұшу кезінде ұшақ салонында электронды темекі шеккен.

"Полиция қызметкерлері кәмелетке толмаған жолаушымен профилактикалық әңгіме жүргізді. Сақшылар оған темекі шегудің, алкогольді ішімдік ішудің және басқа да қауіпті психотроптық заттардың денсаулыққа зияндылығы туралы айтты. Сондай-ақ ұшақ бортында қауіпсіздік ережелерін сақтау керектігін түсіндірді.

Бұдан бөлек, қыздың заңды өкіліне қатысты ҚР ӘҚБтК 127-бабының 1-бөлігімен, яғни кәмелетке толмағанды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 10 АЕК (36 920 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салынды" - делінген хабарламада.

Айта кетейік, 2023 жылы Көліктегі ПД қызметкерлері түрлі әкімшілік құқықбұзушылықтар жасағаны үшін 45 962 азаматты, оның ішінде, әуе кемесінің бортында темекі өнімдерін тұтынғаны үшін 213, кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін 70 тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартқан.