Фото: gov.kz
Белгілі қазақстандық боксшы Қамшыбек Қоңқабаев спорттан кетті, енді ол шаршы алаңға қайтып келмейді, деп хабарлайды Ult.kz.
Белгілі спортшының мансабын аяқтағаны туралы Бокстан Ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов мәлімдеді.
Бұған дейін де Қайрат Сәтжанов Қамшыбек Қоңқабаевтың бокстан кетуі мүмкін екенін айтқан болатын.
"Әзірге Асланбек Шымбергенов пен Қамшыбек Қоңқабаевқа қатысты жағдай түсініксіз. Егер 13 қаңтарда оқу-жаттығу жиынына келмесе, олар ұлттық құрамадағы мансабын аяқтауы мүмкін деп ойлаймын. Ал егер келсе, жұмысты әрі қарай жалғастырамыз", - деген Қайрат Сәтжанов.
Қамшыбек Қоңқабаев 1991 жылы 18 қарашада Қызылордада дүниеге келген — қазақстандық кәсіпқой және әуесқой боксшы.
Ол бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Бірінші ауыр салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, 2020 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Азия чемпионатының үш дүркін күміс жүлдегері, Дүниежүзілік әскери ойындарының күміс жүлдегері, әскери қызметшілер арасындағы әлем чемпионы, Болгарияда халықаралық турнирдің жеңімпазы, ҚР спартакиадасының чемпионы, әуесқойларда ұлттық біріншіліктің чемпионы және жүлдегері.
Кәсіпқойлар арасында , WBO Asia Pacific бойынша 1-ші ауыр салмақта Азия-Тынық мұхиты аймағының чемпионы.
2020 жылдың желтоқсанындағы жағдай бойынша BoxRec рейтингісіндегі ең жақсы позициясы 44-ші орында және бірінші ауыр салмақ дәрежесіндегі қазақстандық боксшылар арасында бірінші - бүкіл әлемнің бірінші ауыр салмағындағы үздік боксшылардың ТОП 45-ке кіреді.