Алматыда белгілі актер, тележүргізуші Рахман Омаровтың бірінші әйелі Гүлдерайым Омарова кісі қолынан қаза тапты. Әйел пәтерақысын алуға барған кезде оны пәтер жалдап тұрған әйелдер пышақтап тастаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қайғылы оқиға туралы отбасының өнердегі жолдасы Қарагөз Сүлейменова Инстаграмдағы парақшасында жариялады.
«Жанымыз құлазып, жүрегіміз жылап отыр. Орны толмас қаза. Дүйсенбі күні Гүлдерайым Омаровадан айырылып қалдық. Тапа-тал түсте кісі қолынан қаза тапты. Заманның айуандалғаны соншалық, квартиранттарынан ақша алуға барғанда 30-дың төңірегіндегі екі әйел пышақтап өлтірген. Алла жазаларын берсін. Мінезге бай, көпшіл, тәрбиелі, қазақтың данагөй қыздарының бірі еді. Өте кішіпейіл, аса инабатты, жайдары жүзі көңілімізден кетпейді», - деді Қарагөз Сүлейменова.
Марқұмның денесі кеше жер қойнына тапсырылды.
Айта кету керек, Гүлдерайым Омарованың артында үш ұлы қалды.
«Тұңғыштарының атын Рахман екеуі Досхан деп қойып еді. Ол бала Чехияда екінші курсты аяқтады. Екінші ұлы мектеп бітірді. Кенжесі 8 жаста. Рахман Омар екеуінің өмір жолдары көз алдымызда өтті. Өмір бойы ерінің абыройын асқақтатып, азаматтарына талмай тәрбие берді. Бүгін жер қойнына тапсырдық. Алланың қалауы болар, ортамыздан мезгілсіз кетті. Артында қалған ұлдарына анасының көрмеген қызығын, жасамаған жасын берсін. Алланың бұйрығына амал жоқ. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Жаны жәнатта болғай. Алды пейіш, арты кеніш болсын. Аллам ұрпақтарына өмір берсін. Мәңгі жүрегімдесің», - деді Қарагөз Сүлейменова.
Әзірге қалалық ІІД аталған дерекке байланысты түсініктеме бермеді. «ҚазАқпарат» аталған оқиғаға байланысты қалалық ІІД-ге сауал жолдады.