05 қаз, 2016 сағат 22:39

Таңертең Кейкi батырдың бас сүйегі елге жеткiзiледi

Таңғы сағат 4.50-де Кейкi батырдың бас сүйегі елге жеткiзiледi, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Берiк Әбдіғалиұлының фэйсбуктегі жазбасына сілтеме жасап.

"Ертең, сағат таңғы 4.50-де 1923 жылы большевиктер қолынан қаза тапқан, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс батыры Кейкінің басы Мәскеуден арнайы бортпен жеткiзiледi", - дейді қоғам қайраткері.

Оның айтуынша, батырды арулап жерлеу үшiн үкiметтiк комиссия құрылады.

Айта кетейiк, Кейкi батырдың басы Санкт-Петербордағы кунсткамерада ұзақ жылдар сақталып келдi. Биыл бұрынғы премьер-министр Кәрiм Мәсiмов Ресейге жасаған сапарында көршi елдiң үкiмет басшысынан Кенесары хан мен Кейкi батырдың басын қайтару мүмкiндiгiн қарастыруды сұраған болатын.

Бұған дейін хабарланғандай, бас сүйек елге әкелінген соң оны туған жері Торғайға, Амангелді ауылына жерлеп, Кейкі батыр кесенесін тұрғызу көзделген.

Кейкі (Нұрмағанбет) Көкембайұлы (1871-1923) - 1916 жылғы Торғайда болған ұлт-азаттық көтерілісінің батыры, атақты мерген. Қостанай облысы Аманкелді ауданының Байтума қопасында дүниеге келген.

Жастайынан аңшы, мергендігімен, өжеттігімен аймаққа танылған.

Кейкі Көкембайұлы Ресей патшасының 1916 жылғы маусым жарлығы себеп болған (ел аузында «июнь жарлығы» деп аталады) Торғай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісіне алғашқы күндерінен белсене араласып, сол көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі болды. Күйік қопасындағы соғыста, Торғай қаласын қоршау кезінде және патшаның жазалаушы отрядтарына қарсы соңғы ұрыс - Доғал шайқасында ерекше ерлік көрсетті.

1919 жылы 18 мамырда Торғай ояздық соғыс комиссары, халық батыры Амангелді Иманов өлтірілгеннен кейін Кейкі батыр қуғынға ұшырайды. Бұл сүргін Торғайда Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де толастамайды. Біраз жыл Ұлытау, Қызылқұм жағында бой тасалайды. Ақыры, 1923 жылдың көктемінде арнайы тапсырмамен өзін алдап қолға түсіруге келген комиссар А.Токаревтің сөзіне сеніп Торғайға оралған Кейкі жолда оның шын ниетін сезіп қалып, Александр Токаревті сол жерде атып тастайды. Бірақ Кейкінің ізіне түсіп, артынан алыстан аңдып еріп келе жатқан қызыл әскердің солдаттары, оны сол күні түнде жатқан жерінде қоршап алып, айуандықпен өлтіреді. Олар мергеннің екі қолы мен басын кесіп алады. Кейкі батырдың басын бір ай бойы Торғай қаласының орталық алаңына сырыққа шаншып қояды. Кейін мергеннің бас сүйегін Орынборға жөнелтеді, ал 1926 жылы республика астанасы Қызылордаға көшуіне байланысты, Санкт-Петерборға алып кеткен. Ол қазір Санкт-Петербордағы антропологиялық қордың кунсткамерасында сақтаулы.

Кейкі батыр Көкембайұлының ұрпақтары Қостанай облысының Амангелді ауданындағы Ақтас, Тасты елді мекендерінде тұрады. 1996 жылы Кейкі батырдың 125 жыл толуына байланысты ас беріліп, ескерткіш орнатылды.