02 там, 2017 сағат 13:44

Тамара Дүйсенова ОҚО-дағы атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді

Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған сапары барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрі Тамара Дүйсенова келер жылдан бастап әлеуметтік салада енгізілетін үлкен реформаларға өңірдің дайындығын пысықтады. 

Облыс әкімдігінде жиналған қала-аудан әкімдері мен тиісті сала басшылары қатысқан жиында министр өз ісіне сылбырлық танытып отырған шенеуніктерді сауалдың астына алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәселен,  келер жылы 1- қаңтардан бастап енгізілетін медициналық сақтандыру қоры бойынша азаматтардың тізімі жасалып, олардың қорға төлеу мүмкіндігі есепке алынуда. Өзге өңірлерде жұмыс істеп жүрген оңтүстікқазақстандықтар да, тіпті қайтыс болып,  тиісті анықтамамен тіркелмегендер жайында да мағлұматтар жиналып жатыр. Талап бойынша осы жылдың бірінші шілдесіне дейін тиісті тізім министрлікке жолдануы тиіс болса, кейбір аудан әкімдіктері талаптың үдесінен шыға алмауда. Бұл ретте Тамара Қасымқызы белгіленген мерзімде тізім жасалып, нақтыланбаса жыл басталғанда азаматтар арасында түсініспеушілік туындайтынын атап өтті. Мысалы өңірде жұмысқа қабілетті 424 мың адамның басым бөлігі өзін-өзі нәтижелі жұмыспен қамтыған. Оларға енді салық инспекциясына тіркелу керектігін ескерту керек.


«Облыста 424 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған деп отыр ғой.  Олардың ішінде көпшілігі шаруа қожалықтарында жұмыс істейтін азаматтар. Немесе базарда тұрып патент алмаған, тірекеуге тұрмастан жолаушы тасымалдаумен айналысатындар. Ол азаматтарға айтуымыз керек, «сіздер салық инспекциясына тіркеліп, патент алсаңыздар ай сайын 1 414 теңге төлейсіздер. Егер 2018 жылдың қаңтар айына дейін үлгермесе өзін-өзі нәтижелі жұмыспен қамтыған азаматтар 2020 жылға дейін емхана көмегін мемлекет тарапынан тегін алады. Жоспарлы стационарлық көмекті өз қаражатына алады», деп түсіндіруіміз керек. Жалпы біз облыс қала, аудан әкімдіктерін медициналық сақтандыру мәселесіне өте көп көңіл бөлуін айтып жатырмыз. Сондай-ақ бұл бағытта жер-жердегі жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын күшейту керектігін айттық», - деді министр Дүйсенова.

Министрдің сөзінше міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне енген бір миллион теңге жалақысы бар азамат пен 40 мың теңге жалақы алатын азаматқа бірдей медициналық көмек көрсетіледі. Қордың ортақ болу жүйесі дүниежүзіндегі тәжірибеден алынған.

«Орталықтандырылған медициналық қор дейміз. Кім ауырып қалды соған толық медициналық көмек беріледі. Мысалы, бір азаматтың еңбекақысы 60 мың теңге.  Қаражаты өте аз жиналған. Бірақ оған кардиохирургиялық ота жасау керек. Ол 10 миллион теңге тұрады. Өз қаражатына жасата алмайды. Басқа азаматтардан түскен қаражатты пайдаланып толық медициналық көмек беріледі. Миллион теңге жалақысы бар азамат медициналық көмекті толық алып, 40 мың теңге жалақысы бар адам медициналық көмек ала алмауы мүмкін. Медициналық сақтандыру жүйесінің ең негізгі принципі - бір жерге бір қорға жинап, кімге қандай көмек керек соны уақытылы көрсету», - дейді Тамара Дүйсенова.


Жиында көтерілген екінші мәселе, зейнетақыны кезең-кезеңімен көбейту мен зейнетақы жасын арттыру болды. Тамара Қасымқызының сөзінше қазір зейнет жасына жақындаған азаматтарды жұмыспен қамтуға мемелекеттен қаражаттар қарастырылған. Сол жеңілдіктерді қазір жасы алпысқа таяған азаматтардың жұмыспен қамтамасыз етілуіне күш салу керек. Бұл ретте Тамара Дүйсенова барлық атқарушы билік өкілдері мен сала мамандарына жұмысты ширату керектігін айтты. Ал, аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев атқарылуы тиіс жұмыстарды осы жылдың қараша айына дейін толық аяқтап, тізімдерді министрліктің мәліметтерімен сәйкестендіру керектігін атап өтті.

Өз кезегінде алқалы жиынды қортындылаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Оңтүстік Қазақстан облысында осы бағытта атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.

Айта кетейік, елімізде жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер шілденің 1-інен бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна аудара бастаған. Ресми дерек бойынша, қазірге дейін қорға 800 миллион теңге түскен. Заң бойынша, жұмыс беруші ай сайын жұмыскердің жалақысынан 1 пайыз мөлшерінде, бірақ 3 668, 9 теңгеден жоғары емес аударым жасауы, жеке кәсіпкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалар - жеке қорғаушылар мен нотариустар, кәсіби медиаторлар айлық жалақысынан 5 пайыз немесе 2 445, 9 теңге төлеуі тиіс.