Бүгін киносүйер қауым «Тақиялы періште» атап кеткен Әлімғазы Райымбеков қария, белгілі тележурналист Бейсен Құранбек, Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Карина Горичева лайықты түрде Талдықорғанның Құрметті азаматы қатарын толықтырды. Бұл туралы бүгін «Жастар» саябағында өткен Қала күні мерекесінде белгілі болды. Қала тұрғындары мен қонақтарын мерекемен облыс әкімі Амандық Баталов құттықтады.
Бүгін Алматы облысының бас қаласы өзінің кезекті туған күнін атап өтті.
Қалыптасқан дәстүрге сай Қала күні мерекесі орталық саябақтағы Даңқ обелискісіне гүл қою рәсімінен басталды. Мұнан соң «Жастар» мәдени-демалыс саябағында халық серуен құрып, тілек білдірушілер арасында шығармашылық байқаулар, спорттық жарыстар, қаланың даму жетістіктері мен жоспарлары туралы көрмелер ұйымдастырылды.
Жиналғандарды Қала күнімен құттықтаған облыс әкімі А. Баталов:
- Құрметті талдықорғандықтар мен қала қонақтары! Сіздерді Қала күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бәріміз де Талдықорғанды жақсы көреміз. Өйткені туған жеріңді, тұрып жатқан мекеніңді, оқыған, жұмыс істеген, отбасын құрған, балаларыңды тәрбиелеп отырған жеріңді жақсы көрмеу мүмкін емес. Қала күні – туған қаламызға деген сүйіспеншілігімізді тағы бір мәрте паш етуге жасалған мүмкіндік деуге болады, - деді өз сөзінде.
Мұнан әрі құттықтауында:
- Күннен күнге қаланың өсіп, дамып, гүлденіп келе жатқанына өздеріңіз куәсіздер. Біздің қаланың даму потенциалы өте үлкен, мүмкіндік мол, талантты жандар да көп. Әрбір іске бірлесе жұмылудың арқасында Талдықорған бұдан да зор жетістіктерге жетіп, тыныштықтың, молшылықтың, балалардың бақытты балалығының мекеніне айнала береді деп сенемін. Өзінің күнделікті еңбегімен, белсенді қоғамдық позициясымен, сан қырлы талантымен қаламыздың дамуына, өсуіне, тағдырына үлес қосып жүрген жандардың бәріне алғыс айтамын. Баршаңызға бақыт, мықты денсаулық, береке-бірлік тілеймін! – деді А. Баталов.
Мерекеде «Қоғамдық көліктің үздік жүргізушісі», «Үздік учаскелік инспектор», «Үздік ПИК», «Үлгілі үй» және басқа да номинациялар бойынша жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін байқаулардың жеңімпаздары марапатталды. Сол сияқты Әлімғазы Райымбеков, Бейсен Құранбек, Карина Горичева және басқа да бірқатар белгілі азаматтарға Талдықорғанның Құрметті азаматы атағы берілді.
Салтанатты шара мерекелік гала-концертпен жалғасып, эстрада әншілері жиналған қауымға мерекелік көңіл күй сыйлады.
Қала күнін жастарға арналған кешкі би кеші мен отшашу қорытындылайтын болады.