Алматы облысында шет елден және республиканың түкпір-түкпірінен жиналған суретшілердің плэнері басталды. Қазақстанның халық суретшісі Айша Ғалымбаеваның 100-жылдық мерейтойына арналған кәсіпқой суретшілердің жұмыстарынан жинақталған пленэр «Туған жерім - тұғырым» деп аталады.
Биыл ҚР Ш.Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл ту» ордендерінің иегері, есімі Республиканың құрметті Алтын кітабына жазылған, Қазақстан өнерін дамытуға қосқаны үлесі үшін, «Тарлан» сыйлығын алған - Айша Ғалымбаеваның туғанына 100 жыл. «Туған жерім – тұғырым» халықаралық кәсіпқой суретшілердің пленэрі осы мерейтой қарсаңында, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отыр.
Шараның негізгі бөлігі Текелі қаласында өтті. 9 қазаннан бастап Жетісу жерінің әсем табиғатын бейнелеген суретшілердің еңбегінен 18 қазанда, талдықорғандағы Оқушылар сарайында көрме ұйымдастырылды. Қылқалам шеберлері өзара тәжірибе алмасып, күздің әсем бояуларын бейнелеген плэнерге Қырғызстан мен Қытайдан және Астана, Алматы, Павлодар қалалары мен Батыс Қазақстан облысынан суретшілер келген. Алматы облысының қылқалам шеберлері де шарадан шет қалған жоқ.
Плэнердің жабылу салтанатына Алматы облысы әкімінің орынбасары жақсылық Омар қатысып, суретшілерге жылы лебізін білдірді. Ол өз сөзінде: «Суретші болу – кез-келгенге бұйыра бермейтін дарын. Екінің біріның қолынан келмейтін, өте қиын сала. Сондықтан да, біз айналамызда жүрген таланттарды бағалап, олардың өнерін барынша насихаттауға тиіспіз. Шет елдік және республикалық қылқалам шеберлерін Жетісу жеріне шақырғандағы мақсатымыз да осы. Ең әуелі, Жетісу өлкесінің бай табиғатында шабыттану да керемет сезім деп білемін!», - деді.
Халықаралық плэнерге ҚР көркем академиясының президенті, ҚР суретшілер одағының Алматы облыстық филиал директоры - Ермұхан Жүнісхан да қатысты. Академик плэнерге жоғары баға бере алатындығын айтты. Сондай-ақ, ол: «Мен көп елдерде болдым. Өнердің балын ішкен елдерде де мұндай әсем табиғат бола бермейді. Біздің талантты суретшілерге осындай мүмкіндік беріліп отырғанына ризамын. Жағдай жасалған, көрінісі көркем жерде тамаша туынды салмағанда не істейсің?! Бұл келер ұрпаққа да естелік болып қалар, үлкен жиын болды. Бірнеше суретші бірігіп, үлкен картина жасадық, осы облысқа табыстайтын боламыз. Өйткені, Қазақстандық және шет елдік суретшілердің басы күнде қосылмайды»,- деп ағынан жарылды.
Еске салайық, қылқалам шеберлері осы күндер аралығында салған суреттерін Алматы облысы «Көркемөнер галереясының» қорына табыстады. Енді Алматы облысының тұрғындары мен қонақтары плэнерге қатысушылардың еңбектерін аталмыш галереядан тамашалай алады.