Талдықорғанда балабақшаның екінші қабатынан құлап кеткен қызға қатысты тың деректер шықты. Желіде видеобақылау камерасының жазбасы жарияланды.
Видеода "Қарлығаш" балабақшасының қызметкері қызды көтеріп, ашық тұрған терезенің алдындағы тақтайға тұрғызады. Тәрбиеші оның жанына тағы бір баланы алып келеді. Олар терезенің алдына сыймай, бірін-бірі итере бастайды да, қыз москит торына сүйенеді. Тор салмақты көтере алмай, баламен бірге сыртқа түсіп кетеді.
Ғимараттың сыртындағы камерадан түсірілген тағы бір жазбада қыздың екінші қабаттан құлаған сәті көрінеді.
Кеше Талдықорған полициясының өкілдері баланың құлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Қыз облыстық аурухананың жан сақтау бөлімінде жатыр, дәрігерлер оның жағдайын тұрақты ауыр деп бағалап отыр.
Айта кетейік, №19 мектеп-гимназияға қарасты шағын орталықтың екінші қабатынан құлаған баланың ата-анасы сол мектепте жұмыс істейтін болып шықты.
№19 мектеп-гимназиясының директоры Қайрат Сарқытовтың айтуынша, бала шағын орталыққа екі күн бұрын ғана қабылданған. Ал екі жасар қыздың әкесі - дене тәрбиесінің, ал анасы - бастауыш сынып мұғалімі.
«Шағын орталықтың ашылғанына он жыл болды. Тәрбиешінің де бұл жерде жұмыс істеп жатқанына 10 жыл уақыт болған. Өте тәжірибелі маман. Оқиға жайлы басқа ештеңе айта алмаймын. Полицейлер тергеу жүргізіп жатыр»,-деді Қайрат Сарқытов.