Талдықорғанда қыз зорлады деген күдікке ілінген полиция басқармасының бұрынғы бастығы Марат Күштібаевқа қатысты сот отырысы барысында оның денсаулығы сыр беріп, ауруханаға алып кетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұл оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Кадрдан дәрігерлердің ер адамды зембілмен алып шыққанын көруге болады.
Жетісу облыстық сотының баспасөз қызметі бұл ақпаратты растады.
«Сотталушы К.-ны сот отырысы кезінде жедел жәрдеммен алып кетті. Қазіргі уақытта сотталушы кардиологиялық орталықта дәрігерлердің бақылауында. Осыған байланысты, сот отырысы кейінге қалдырылды», - деп мәлімдеді областық соттың баспасөз қызметі.
Ақпан айының соңында Марат Күштібаевқа қатысты сот отырысы басталған еді. Процесс жабық режимде өтті.
Еске салайық, былтыр қарашада Талдықорған полициясының басшысы Марат Күштібаев қыз зорлады деген күдікпен ұсталған болатын. Мәліметке сенсек, қылмыс оның кабинетінде болған.