20 нау, 2017 сағат 10:10

Сырдарияның сол жағалауында жаңа қаланың құрылысы басталды

Өңір басшысы Қырымбек Көшербаев 19 наурыз күні Қызылорда қаласындағы бірқатар құрылыс нысандарының жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.   

Сырдария өзенінің сол жағалауында жаңа тұрғын үй құрылыстарын жүргізу үшін жер тегістеу жұмыстары басталды. Онда 18 көп қабатты үй жергілікті кәсіпкерлердің жеке қаржысы есебінен бой көтермек. Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, мұнда ағымдағы жылдың қыркүйек айында кемінде 20 көпқабатты үй салынады деп күтілуде.

- Сонымен қатар біз әлеуметтік нысандар құрылысы бойынша кәсіпкерлермен бірлесіп жұмыс жасап жатырмыз. «Абу Сер» компаниясы 320 орындық балабақша құрылысын салуға кірісті. Тағы бір кәсіпкер мұнда сауда орталығын ашпақ, - деді Нәлібаев.

Облыс әкімдігінің жанында арнайы штаб құрылды.Соңғы штаб отырысында Жастар сарайының, онкологиялық орталықтың, мешіттің, «Болашақ» университеті қалашығы құрылыстарының  жобалары мақұлданып, қолдау көрсетілді.    

Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға сол жағалауда құрылыс жүргізуге ниетті кәсіпкерлерді қолдау қажеттігін ескертті. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарымен қатар салық базасын ұлғайтуға да септігін тигізеді.    

Сондай-ақ Қырымбек Көшербаев құрылыс нысандарының  архитектуралық келбеті ұлттық, шығыстық үлгіге сай   болу қажеттігін айтты.

- Инженерлік-инфрақұрылым мәселелерін шешу өз қолымызда. Сараптамалар жақын арада  дайын болған соң бюджеттік өтінім жасау үшін мәслихаттың кезектен тыс сессиясын өткізу келісілген,- деді облыс әкімі.      

Осы күні Демесінов көшесіндегі 230 пәтерлік көпқабатты 4 үйдің алғашқы кірпіші қаланды. Бұл тұрғын үй «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында «Самұрық Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-мен бірлесіп салынуда және ағымдағы жылдың жаз маусымында пайдалануға берілмек.   

Сонымен қатар облыс әкімі саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған  ескерткішті қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Ескерткіш аумағына аллея салынып, түнгі жарықшамдар орнатылып, асфальт жол төселеді.  Қайта жаңғырту жұмыстары саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне қарсы аяқталмақ.    

Бұдан бөлек аймақ басшысы Қорқыт ата көшесі аумағындағы 5,8 шақырым жолға жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын көрді (Қазыбек би көшесінен бастап «Қызылорда-Жезқазған» трассасы аралығы).  Бас мердігер «УАД» ЖШС асфальт төсеу, түнгі жарықтандыру, жолдың екі жағына арық пен  автобус аялдамаларын салу жұмыстарын жүргізуде.

Бір сөзбен айтқанда  Ұлыстың Ұлы күні  «Наурыз» мерекесі қарсаңында қызылордалықтар Астанадан үлгі ала отырып, Сырдарияның сол жақ жағалауында жаңа қала құрылысына кірісіп кетті.