Фото: ашық дереккөз
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қазіргі уақытта Ермек Тұрсыновқа қатысты ешқандай тергеу әрекеттері жүргізіліп жатпағанын айтты, деп хабарлайды Ult.kz.
Бұл туралы ведомство БАҚ сұрауларына жауап ретінде мәлімдеді. Сонымен қатар, Е. Тұрсыновтың Facebook желісінде жариялаған ақпараты агенттікке беймәлім екенін атап өтті.
Бұған дейін «Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ ішкі аудит қызметінің қорытындысына және арызға сәйкес, «Долгое эхо» көркем фильмі өндірісі кезінде лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғаны хабарланған болатын.
Қосалқы мердігер ретінде «Alashfilm» ЖШС көрсетілген, оның бұрынғы директоры «Т» азамат. Тергеу барысында оның бұрын «Тұрсыновфильм» ЖШС аясында режиссер Тұрсыновтың бизнес-серіктесі болғаны анықталды.
«Alashfilm» ЖШС бұрынғы директоры «Т» тергеу әрекеттеріне куәгер ретінде қатысуда. Е. Тұрсынов тергеу органына шақырылмаған, және қазіргі уақытта іс бойынша ешкім күдікті деп танылған жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық режиссёр әрі қоғам қайраткері Ермек Тұрсынов елден кеткенін хабарлаған болатын. Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды. Оның айтуынша, елден өз еркімен емес, амалсыздан кетуге мәжбүр болған.