05 сәу, 2017 сағат 07:39

Светқали Нұржан. Мөлт

Белгілі ақын Светқали Нұржанның "Мөлт" атты жаңа топтамасын ұсынамыз.
 

МӨЛТ 

(топтама) 

1.Арзу-ажал оғы

Сүңгі жұлдыз 
Сыңсып келіп, 
жүрекке кірш-кірш етіп енді!.. 
Бүршік семіп, 
Дүрс-дүрс етіп... сөнді 
Мұңды бір қыз... 

23.03.17 ж. 

2.Хақтың хаты 

Үшкіл хат... 
99 қараша қаз 
Өтті ұшып тас төбемнен... 
Боламын балаша мәз – 
Хабар кеп басқа әлемнен!.. 
Ұшты ымдап... 

24.03.17 ж. 

3.Биылғы күздің келуі 

Жаз келте болды, 
Күз ерте келді – 
Аптап бұғып... 
Қайыңдар мұңды күйін 
Жапырақ-саусағымен шертеді енді... 
Жынды құйын 
Билеп жүр сақ-сақ күліп... 

24.03.17 ж. 

4.Ажал екеуміз 

Ажал сүйеді мені! – 
Мен сүймеймін! 
Ол сүйрейді көрге тұл... 
Мен де оны сүйген күні – 
Тірілер сүйегім өлі! 
Көр де тұр!.. 

25.03.17 ж. 

5.Ішкі диалог 

– Мені әлі мойындайды қазақ!.. 
– Ол қай күн? 
– Мойындаған күні қазақты әлем! 
– Ғажап! – дер ем, 
Әттең, болмаймын... 

25.03.17 ж. 

6.Айдың арғы беті 

Күйдірді от... 
Ай – 
менен 
Бұрмайды жүзін әрі, 
Сұлудай ерке... есі кем... 
Көңілім бұзылады – 
Сүйгім кеп... 
иіскегім кеп желкесінен!.. 

25.03.17 ж. 

7.Түнгі тылсымдағы сұхбат 

Шыңнан жел есті... 
Ымбал – көмескі... 
Кім бар – 
үңгірдегі тыңдар кеңесті: 
«Ілім бұл, шырағым, жүйелі – 
Көрге кіргенде – 
Сәуле жансын десең мүрдеңде, – 
Көзді шыра қыл – түндерде, 
Сөзді мұра қыл – киелі!..» 

25.03.17 ж. 

8.Нөсерлі түнде көргенім 

Нөсерлі түн... Елес... 
Дірдек қағамын – 
Кесем бүтін емес... 
Шөмеле-бұлт етегінен түртті ұшқын: 
Қарап тұр – Өлі Боз Бет!.. 
Күл боп барамын – 
Келеді мені көздеп – 
Қызыл тісі қызылсырақ жыртқыштың... 

25.03.17 ж. 

9.Хақтың жазған хат-жыры 

Тау – мұнар... 
Жауды қар... 
Дүние тұрған шаң мен кірге баттасып, 
Періштелер жіберді әппақ хат шашып! 
Миллион-миллиард ақ парақ! 
Редакторша хат қарап, 
Үлгердім мен хаттардағы 
Жаббар-Хақтың жазған жырын жаттап ап! 
Ал ол жырды түсінер тек пәк ғашық!.. 

25.03.17 ж. 

10.Мұса (ғ.с.) мен дәруіш 

Осындаймын кейде, енді, 
Айнадан көр бейнемді: 
Топты жарып келдім де Кәлимолла Мұсаға: 
«Мен Құдайды сүйем!..» – дедім дар-дар жыртып жейдемді... 
Қоршап тұрған айнала: 
«Пайғамбарым не дейді?» деп ынтықты ел. 
Ал Пайғамбар былай деді жай ғана: 
«Жейдеңді емес, жүрегіңді жыртып кел!..» 

25.03.17 ж. 

11.Безбен мен Таразы алдында 

Қамда, Алла! 
Тағдырым тұр қасіретті-қасиетті сандарда…
Өткенімді безбенге сап барладым: 
2000 күн арам жұтыппын, 
2000 күн ораза тұтыппын… 
Қайсысының салмағын 
Басым қылар Таразыға салғанда?
...Өн бойымды барады өртеп қан-жалын!..

25.03.17 ж. 

12.Түнгі ғайыби елес 

Кімсің сен? 
Ай астында тұрсың сен, 
Нұрға малтыған мұңсың сен, 
Сәуле толқиды, – күрсінсең: 
Жібек боп желбіреп тұрсың, 
Тілек боп елбіреп тұрсың, 
Жүрек боп елжіреп тұрсың! 
Қимылдаса кірпігің – гүл себелер! – 
Не болар ед дүние – күлсең егер?.. 

25.03.17 ж. 

13.Беймәлім жырдың аяны 

Ілулі күршіктер тұр... 
«Бүрулі бүршіктер тұр, 
Бірақ оны қуат қайда ашатын?..» 
Осы жырды жазған кім-дүр хас ақын? 
Ыршып кеп бір соққан шақта жүрегім, 
Бұзып өтіп ғасырлардың түнегін 
Естілердей мас – аһы үн: 
«Күні жақын бүршіктердің бар жұпарын шашатын!..» 

25.03.17 ж. 

14.Ақиқат пен әуре 

Көктен түсті төрт кітап. 
Сансыз тәпсір... 
Тәпсірлерден өрт тұтап, 
Түнек болып торлап көк пен іргені, 
Орап алды «адам» атты мүрдені... 
Бәрінің де жеткізе алмай жүргені: 
«Құдай Сөзі нұр екпесе жүрекке, – 
Күллі дүние айналар ед түнекке!..» 

26.03.17 ж. 

15.Болжал 

Мен өлгенде, 
Жөнелгенде көкке ана – 
Күн тұтылмайды, 
Ай сытылмайды түнектен. 
Тебіренбейді таулар үні өктем, 
Күңіренбейді баулар шоқтала. 
Тек қана – 
Бір әппақ жұлдыз ағып түседі жүректен – 
Қап-қара... 

27.03.17 ж. 

16.Өмір 

Сәбетайға 

Кеше: 
Ақ жолда – 
Алып шаһарға 
Келді бозбас бозбала – 
Тілегі алға сүйреп... 
Бүгін: 
Вокзалда – 
Қанып зәһарға, 
Боз басты ақын (тозбас көз ғана!) 
Жүреді арба сүйреп... 

27.03.17 ж. 

17.Тамыздың ақырғы күні. Теңіз 

Теңіз қимайды... 
Мен – теңізді... 
Толқын біткен жалынады «кетпелеп», 
Сәл ұзасам, бұртияды өкпелеп... 
Кешкен сынды «теңіз-жырын» Гейненің, 
Су-су болып ұзап барам көйлегім… 
Бұлт сүзді серке-құзды, 
Ақ қайық желкен үзді… 
Ұзап барам… тамшылар өртеп ізді… 

28.03.17 ж. 

18.Келер ғасырлардың бірінде жүріп, 
қойын дәптерімде жазылып қалған жырды оқыдым: 

«...Аз ғұмырда 
Жеті рет ақ үй, 
Жеті рет қара үй тігілді басыма! 
Жеті қаттың қылауы қонды шашыма. 
Империя мен диктатура көмді насына... 
Енді Алланың Ақ Ордасын тігем – 
Айдың астына, күннің қасына!..» 
Осылай жазылған – 
Бағзы жырда! 

28.03.17 ж. 

19.Көктем есігін қағу 

Жетті көктем – 
Дуалы топыраққа, 
Уәлі атырапқа! 
Көк дүр еткен... 
Көктемнің есігін – 
кірпігін малып нұр, 
Тырс-тырс қағып тұр 
Жүрек ұқсап бүр ашқан жапыраққа... – 
К-ө-ө-п тілекпен!.. 

28.03.17 ж. 

20.«Мың түн» ертегісі 

Осы ма жаһри жаза? – 
Бірге өткіздік «мың бір түннің» мың түнін!.. 
Қалды айтылмай ең аһұрғы ынтығым... 
Жетті ме ақыри қаза? – 
Ақырғы түнге жасырулы ед Зор Нышан – 
Ояндым неге, сөнгір көз шырадай жанад?! 
«Ей, падишам!..» дей түсіп, кінәлай қарап, 
Кеттің шығып, Шахризада! 
Өлді Ертегім... сөнді шам... 

29.03.17 ж. 

21.Екі дүние есігінде 

Бұл үйдің 
Есігі жабық. Кіре алмай діңкем құримын. 
Қыңсылаймын босағасын тырналап, 
Ай-терезеге қарап иттей ұлимын! 
Ал Ол болса, перде артында тұр қарап, 
Аяй ма мені? – 
Ағады жұлдыз сырғанап... 

29.03.17 ж. 

22.«Мың екінші түн» 

Шықтың да «Мың бір түннен», 
Тіл қаттың күңгірт үнмен, Шахризада! 
Басқа түн, бірақ бұл түн... 
Падиша иттей қаңғып, 
Тасқа ұрған киттей мәңгіп, 
Сол түннің ала алмай жүр сұрап кілтін, 
Шахризада!.. 

30.03.17 ж. 

23.Ертегілік Елеске еру 

Ене сап ертегіден – 
Дарыттың сұр өмірге көркем ірең. 
Сүйкімді болдың сонша, 
Ұйқымды бөлдің қанша... 
Жұпар мүлкің иықта, 
Іңкәр күлкің миықта – көре сап өртеніп ем... 
Сиқырлы жұмбақ бейне, тіл қат кейде, 
Өзіңсің жан-сыбағам Ием теліген! 
Сүрмесек Қос Ғаламда, – жалғаншы келте білем?.. 

30.03.17 ж. 

24.Базына 

Өзіңе байлаулы – Ант, Ар, Санам! 
Отқа саласың, суға маласың, 
Ормандай шулап ағашың, 
Шатқалды шатынатқан дарияша тулап ағасың!.. 
...Көбелек қанатының дірілін бал тамсаған 
Һәм көз жасын ауырлаған кірпігімнің 
Салмағын артам саған! 

31.03.17 ж. 

25.Қапастағы қарғыс 

Түскенмін қай дұзаққа бұл? – 
Қара төбеттің қып-қызыл тісі абалап тұр, 
Қара тәбеттің сұп-сұр тілегі қамалап тұр! 
Сәуле түсірер Ай да ұзақта жүр... 
Қан-қан жүрегім – пәлекеттің көздегені, 
Іздеуші еді ол өзге нені – 
Басыңнан байғыз аттағыр! 

31.03.17 ж. 

26.Айдың тууы 

Жұртпыз-ау бағы кейін – 
Шалжиып шалқасынан 
Ай – ашып туды абыройын! 
Жандар ек көктем күткен, 
Қыс әлі зіркілдеп тұр өктемдікпен! 
...Жүректі қалтыратып Кәрі Үрейім: 
«Ей, Жаңа Ай, не сыйың бар тағы?..» – дейім... 

31.03.17 ж.

27.Жырдың тууы. Ай-Шөрек* 

Не үшін туды қайсы өлеңім? – 
Біледі Ай себебін... 
Бір суынам, ысынам, 
Осы, неге Ай толғанда ұшынам?.. 
Сүйіп тұрып күйікті ұмыт қыламын – 
Ай-Шөректің* емшегінің ұшынан… 
О сол сәт жазып жырдың най – серегін, 
Жариялаттым тасқа бастым да – 
Сен бар деп аспан астында, Ай-Шөрегім!.. 

31.03.17 ж. 

----------------- 
Ай-Шөрек* – көне қазақ он бесінен толған айды осылай атаған. 

28.Тылсым табысу 

Шығардай өлесі үн ғафыл: 
«Шын сүйсең, – алтын құлыпқа келесің де ақыр...» 
Ай-Шөрек, ұға аласың ба? – 
Жүрек шұғарасында 
«Шешінген марал» секілді елесің жатыр! 
...Сырды текке жасырғам – салқын күліп, 
Мөрдей көкке басылған, 
Айдың құлағында көне сырға тұр – 
алтын құлып!.. 

01.04.17 ж. 

29.Қимаш-әкімнің «қағидасы» 

Тұмсығы түтін сарып, 
Тастады ойын ортаға сыр ғып: 
«Зікір салып – 
Оралмақпыз ба үңгірлік-ортағасырлық өмір салтына?!» 
Былай дедім, көне алмай оның шартына: 
«Қалады ертең сән-салтанат, қимас кеш, 
Құзарға кеп тіреледі қиғаш көш. 
Үңгірден терең, зынданнан керең қабірде 
Нені, кімді зікір етпексің, Қимаш-дос?!.» 

01.04.17 ж. 

30.Хауф-Рижа 

Шын асыл иман табамын ба? 
Болам ба «Дидар-Талабында»? 
Ғибадат шаһарын тұрғыздым, 
Шаһарға жұмақ баһарын кіргіздім... 
Ылғи қатер күтем шайтани шәргілдіктен, 
Кентімді торлап жүр малғұн біткен... 
Бұл жаңалық емес, бірақ – сөйлейді көмес шырақ: 
«Болсаң етті Аллаңа ессіз ғашық, 
Болар еді-ау Дидары сөзсіз нәсіп!..» 

02.04.17 ж. 

31.Жантәсілім 

Ұйықтар алдында мен ылғи, 
Өмір дуынан шығып кете алмай көңіл-күй – 
Аласұрамын... 
Сөніп болмайды лыпылдап қара шырағым... 
Кетпейді үрей қу көңілден: 
Әзірейіл кеп алқымнан тарпа басарда – 
Шығып кете алмай дулы өмірден, 
Жанталасам ба?.. 

02.04.17 ж. 

32.Қос көбелектің таңдауы 

Таң: 
Ақ көбелек гүлге қонды – 
шырын алды. 
Кеш: 
Қара көбелек шамға қонды – 
күлі қалды. 
Түн: 
Ал, ақын, таңда жолды, 
Алдыңда екеуінің бірі қалды... 

03.04.17 ж. 

33.Әдеби әуейінің «әлемі» 

Ол ілкі сәби сапарында әлеми – 
Көрші баланың көлігін қорасына тығып тастаған! 
Ал алғашқы қадамын әдеби – 
«шоппайымен» қарға өлең жазып бастаған! 
Сол күйі оның «ышқырдан» бойы аспаған, 
Себебі әлі күнге, «әдеті» қысса – 
Жолдағыны «кетегіне» әкеткісі келіп тұрады! 
Дәреті қысса – 
Әдебиеттің ауласына «кәк» еткісі келіп тұрады! 

03.04.17 ж. 

34.Реинкарнациялық үкім 

Оны озалда Жаратқан – 
Құзғын қарға ғып жаратқан... 
Дауыл ұрғанда әр тараптан, 
Ол қара дұға қымтап қанатына, 
Қосылып кеткен адам һәм қаламгер санатына! 
...Боқты сөзіңізбен, оқты көзіңізбен 
Жетер, былғағаныңыз арамызды! 
Құзғын мырза, 
Батырыңыз қараңызды!.. 

03.04.17 ж. 

35.Үркер-тілек 

Үркерім-ау, 
Жүзіңді тағы бұлтпен бүркедің-ау!.. 
Ол несі? – 
Жұлдыз біткеннің өңгесі 
Сені қорлағалы, сені торлағалы жүретіндей! 
Жердегі күшік-самал да саған қарап үретіндей... 
...бозарып, тозаңып, қазағып тұрған кейпіңді көрсем, – 
Кеңейіп, тарайып кетеді күрке-ғалам! 
Тұрғай да Үркер аман!.. 

03.04.17 ж. 

36.Құсни-Жамал жыры 

Бұл да бір «Ісіми-ғамал» – 
Мен саған арзу болдым, Құсни-Жамал! 
Күлкіңді кірпігіме байладым, 
Көз жасыңды талдардың бүртігіне байладым, 
Сәулеңді таулардың күртігіне байладым... 
Үңіліп дидарыңа алам көмек – 
Алланың сипаттарын табам ба деп?! 
Құсни-Жамал, жаныңа үйлесер ме ем – 
Хақ сүйіп жаратқанды сүймесем мен?!. 

03.04.17 ж. 

37.Құлдықтан қорыну 

Осындай ма ек?.. 
Торлайды топас тұлдық, 
Қорлайды қапас құлдық... 
Біздік Жүрек пен Сүйек ылайықты ма – 
Кәпірдің осы кәріне?! 
«Есіктер ашылғай! – деп, – 
баттасып қаннан, тат басып қалған!» – 
қылайық дұға 
сәріде... 

03.04.17 ж. 

38.Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Қос ахуал 

Осы хәлді неше кешірем – 
Әулиеге бекер сиынып па едік?! 
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен 
Оқиды жазу кіл көгершін жиылып келіп! 
Аһ, сосын, «Аллаһулап» салады-ай «жаһри зікір»! 
...Туа жазыла ма тілек пешенеге? – 
Кіріп көрмепті Жүрек-Кесенеге – 
Іргесінде туған жәһіли күпір!.. 
О, тоба!.. 

03.04.17 ж. 

39.Ер Мәдіні күту 

Жасындар бұтақтанып, 
Қара бұлт қалды өртенбей тұтап барып! 
Қара тас аңсардан қарс айрылып, 
Гүл жыртты қанаттарын аңша Айға ұлып! 
Жартасты жуас толқын қарғи сүзді, 
Күтіп жүр бәрі-бәрі, Маһди, сізді!.. 
Тас түсініп мені, шатырлап қанат... құс ұққан, 
Көкірегім лапылдап барад... ышықтан! 
Соғады сақылдап сағат!.. 

03.04.17 ж. 

40.Төртінші Қаттың аңсары 

Көк қаты – тылсым Жүректен: 
«Сағындым сізді!» деген бір күрсін дір еткен... 
Қажытты қыстың сергелдеңдері, 
Көтере алар ма жаным бұл сызды?.. 
Тұрғызар, бірақ көрден де мені, 
Деген үн жетсе сол Қаттан: «Сағындым сізді!..» 
Тәуба ғып шыннан сағынар Жүрек барына, 
Төртінші Қаттың қайтамын түнеп бағына!.. 

03.04.17 ж. 

41.Елеске арбалу 

Шандоз ғаламнан – 77 түске боялған, 
Елес көрдім мен, ой, Аллам! 
Шайдан да тәтті, нәйдан да тәтті – тәп-тәттім, 
Сыйлады ол маған күп-күрең шаттық, әппақ мұң... 
Пәк еді неткен – Сұбхан-Хақ сүйіп жасаған, 
Арбайды нұры. – Пәруана болдым есалаң... 
Шырқайналам Нұрды – 
Хирқа-қанатыма тағып тәубе шашағын, 
Өртенген сайын – күл емес, Сәуле шашамын! 

03.04.17 ж. 

42.Тағы Ай-Шөрек туралы 

Шайқалып шайтабағы көркем, 
Ай толады ертең. 
Шайын ішкенде Ай-шараның, 
ұмытылып бейшара күн, 
Жан, бәлки жай табады, еркем... 
Қосылып күткен думанға, 
Сіңіп кетемін жыршы түнге мен – 
Сүйегімді сүтпен жуғанда 
Ай-Шөрек – Жүрек құсап нұр шүпілдеген!.. 

03.04.17 ж. 

43.Үркер мен Айдың тоғысы 

Үркер мен Айдың тоғысы – сәуірдің төртіне келді, 
Жүректің тілкем соғысы – әуірдің өртіне көмді. 
Сеніскен илһам-тілектің беріскен серті не болды?.. 
Куә-дірлікке «Ғайберен-Шілтен» кеп – 
Біз қашан тоғысамыз Ай менен Үркер боп? 
Қашан ашылар шымылдық – шілтер көк?.. 
Қамайды күркемді өрт... 
Жалайды білтемді от... 

04.04.17 ж.

Светқали Нұржан,

Ұлт порталы

 

МӨЛТ

 

                 (топтама)

 

   1.Арзу-ажал оғы    

 

Сүңгі жұлдыз

Сыңсып келіп,

жүрекке кірш-кірш етіп енді!..

Бүршік семіп,

Дүрс-дүрс етіп... сөнді

Мұңды бір қыз...

 

                                      23.03.17 ж.

 

     2.Хақтың хаты

 

Үшкіл хат...

99 қараша қаз

Өтті ұшып тас төбемнен...

Боламын балаша мәз –

Хабар кеп басқа әлемнен!..

Ұшты ымдап...

 

                                     24.03.17 ж.

 

     3.Биылғы күздің келуі

 

Жаз келте болды,

Күз ерте келді –

Аптап бұғып...

Қайыңдар мұңды күйін

Жапырақ-саусағымен шертеді енді...

Жынды құйын

Билеп жүр сақ-сақ күліп...

 

                                       24.03.17 ж.

 

 

    4.Ажал екеуміз

 

Ажал сүйеді мені! –

Мен сүймеймін!

Ол сүйрейді көрге тұл...

Мен де оны сүйген күні –

Тірілер сүйегім өлі!

Көр де тұр!..

 

                                      25.03.17 ж.

 

            5.Ішкі диалог

 

– Мені әлі мойындайды қазақ!..

– Ол қай күн?

– Мойындаған күні қазақты әлем!

– Ғажап! – дер ем,

Әттең, болмаймын...

 

                                               25.03.17 ж.

 

   6.Айдың арғы беті

 

Күйдірді от...

Ай –

менен

Бұрмайды жүзін әрі,

Сұлудай ерке... есі кем...

Көңілім бұзылады –

Сүйгім кеп...

иіскегім кеп желкесінен!..

 

                                      25.03.17 ж.

 

 7.Түнгі тылсымдағы сұхбат

 

Шыңнан жел есті...

Ымбал – көмескі...

Кім бар –

үңгірдегі тыңдар кеңесті:

«Ілім бұл, шырағым, жүйелі –

Көрге кіргенде –

Сәуле жансын десең мүрдеңде, –

Көзді шыра қыл – түндерде,

Сөзді мұра қыл – киелі!..»

        

                                     25.03.17 ж.

                                     

     8.Нөсерлі түнде көргенім

 

Нөсерлі түн... Елес...

Дірдек қағамын –

Кесем бүтін емес...

Шөмеле-бұлт етегінен түртті ұшқын:

Қарап тұр – Өлі Боз Бет!..

Күл боп барамын –

Келеді мені көздеп –

Қызыл тісі қызылсырақ жыртқыштың...

 

    25.03.17 ж.

 

     9.Хақтың жазған хат-жыры

        

Тау – мұнар...

Жауды қар...

Дүние тұрған шаң мен кірге баттасып,

Періштелер жіберді әппақ хат шашып!

Миллион-миллиард ақ парақ!

Редакторша хат қарап,

Үлгердім мен хаттардағы

Жаббар-Хақтың жазған жырын жаттап ап!

Ал ол жырды түсінер тек пәк ғашық!..

 

                                                      25.03.17 ж.

 

         10.Мұса (ғ.с.) мен дәруіш

 

Осындаймын кейде, енді,

Айнадан көр бейнемді:

Топты жарып келдім де Кәлимолла Мұсаға:

«Мен Құдайды сүйем!..» – дедім дар-дар жыртып жейдемді...

Қоршап тұрған айнала:

«Пайғамбарым не дейді?» деп ынтықты ел.

Ал Пайғамбар былай деді жай ғана:

«Жейдеңді емес, жүрегіңді жыртып кел!..»

 

                                                                           25.03.17 ж.

 

      11.Безбен мен Таразы алдында

 

Қамда, Алла!

Тағдырым тұр қасіретті-қасиетті сандарда…

Өткенімді безбенге сап барладым:

2000 күн арам жұтыппын,

2000 күн ораза тұтыппын…

Қайсысының салмағын

Басым қылар Таразыға салғанда?                  

...Өн бойымды барады өртеп қан-жалын!..             

 

                                                        25.03.17 ж.

 

   12.Түнгі ғайыби елес

        

Кімсің сен?

Ай астында тұрсың сен,

Нұрға малтыған мұңсың сен,

Сәуле толқиды, – күрсінсең:

Жібек боп желбіреп тұрсың,

Тілек боп елбіреп тұрсың,

Жүрек боп елжіреп тұрсың!

Қимылдаса кірпігің – гүл себелер! –

Не болар ед дүние – күлсең егер?..

 

25.03.17 ж.

 

  13.Беймәлім жырдың аяны

 

Ілулі күршіктер тұр...

«Бүрулі бүршіктер тұр,

Бірақ оны қуат қайда ашатын?..»

Осы жырды жазған кім-дүр хас ақын?

Ыршып кеп бір соққан шақта жүрегім,

Бұзып өтіп ғасырлардың түнегін

Естілердей мас – аһы үн:

«Күні жақын бүршіктердің бар жұпарын шашатын!..»

 

                                                                  25.03.17 ж.

 

     14.Ақиқат пен әуре

 

Көктен түсті төрт кітап.

Сансыз тәпсір...

Тәпсірлерден өрт тұтап,

Түнек болып торлап көк пен іргені,

Орап алды «адам» атты мүрдені...

Бәрінің де жеткізе алмай жүргені:

«Құдай Сөзі нұр екпесе жүрекке, –

Күллі дүние айналар ед түнекке!..»

 

26.03.17 ж.

 

    15.Болжал

 

Мен өлгенде,

Жөнелгенде көкке ана –

Күн тұтылмайды,

Ай сытылмайды түнектен.

Тебіренбейді таулар үні өктем,

Күңіренбейді баулар шоқтала.

Тек қана –

Бір әппақ жұлдыз ағып түседі жүректен –

Қап-қара...

 

                                               27.03.17 ж.

 

           16.Өмір

 

         Сәбетайға

 

Кеше:

Ақ жолда –

Алып шаһарға

Келді бозбас бозбала –

Тілегі алға сүйреп...

Бүгін:

Вокзалда –

Қанып зәһарға,

Боз басты ақын (тозбас көз ғана!)

Жүреді арба сүйреп...

 

                                              27.03.17 ж.

 

 17.Тамыздың ақырғы күні. Теңіз

 

Теңіз қимайды...

Мен – теңізді...

Толқын біткен жалынады «кетпелеп»,

Сәл ұзасам, бұртияды өкпелеп...

Кешкен сынды «теңіз-жырын» Гейненің,

Су-су болып ұзап барам көйлегім…

Бұлт сүзді серке-құзды,

Ақ қайық желкен үзді…

Ұзап барам… тамшылар өртеп ізді…

 

28.03.17 ж.

 

       18.Келер ғасырлардың бірінде жүріп,

қойын дәптерімде жазылып қалған жырды оқыдым:

 

«...Аз ғұмырда

Жеті рет ақ үй,

Жеті рет қара үй тігілді басыма!

Жеті қаттың қылауы қонды шашыма.

Империя мен диктатура көмді насына...

Енді Алланың Ақ Ордасын тігем –

Айдың астына, күннің қасына!..»

Осылай жазылған –

Бағзы жырда!

 

                                                28.03.17 ж.

 

   19.Көктем есігін қағу

 

Жетті көктем –

Дуалы топыраққа,

Уәлі атырапқа!

Көк дүр еткен...

Көктемнің есігін –

кірпігін малып нұр,

Тырс-тырс қағып тұр

Жүрек ұқсап бүр ашқан жапыраққа... –

К-ө-ө-п тілекпен!..

 

                                               28.03.17 ж.

 

       20.«Мың түн» ертегісі

 

Осы ма жаһри жаза? –

Бірге өткіздік «мың бір түннің» мың түнін!..

Қалды айтылмай ең аһұрғы ынтығым...

Жетті ме ақыри қаза? –

Ақырғы түнге жасырулы ед Зор Нышан –

Ояндым неге, сөнгір көз шырадай жанад?!

«Ей, падишам!..» дей түсіп, кінәлай қарап,

Кеттің шығып, Шахризада!

Өлді Ертегім... сөнді шам...

 

                                                        29.03.17 ж.

 

        21.Екі дүние есігінде

 

Бұл үйдің

Есігі жабық. Кіре алмай діңкем құримын.

Қыңсылаймын босағасын тырналап,

Ай-терезеге қарап иттей ұлимын!

Ал Ол болса, перде артында тұр қарап,

Аяй ма мені? –

Ағады жұлдыз сырғанап...

 

                                               29.03.17 ж.

 

       22.«Мың екінші түн»

 

Шықтың да «Мың бір түннен»,

Тіл қаттың күңгірт үнмен, Шахризада!

Басқа түн, бірақ бұл түн...

Падиша иттей қаңғып,

Тасқа ұрған киттей мәңгіп,

Сол түннің ала алмай жүр сұрап кілтін,

Шахризада!..

 

                                               30.03.17 ж.

 

     23.Ертегілік Елеске еру

 

Ене сап ертегіден –

Дарыттың сұр өмірге көркем ірең.

Сүйкімді болдың сонша,

Ұйқымды бөлдің қанша...

Жұпар мүлкің иықта,

Іңкәр күлкің миықта – көре сап өртеніп ем...

Сиқырлы жұмбақ бейне, тіл қат кейде,

Өзіңсің жан-сыбағам Ием теліген!

Сүрмесек Қос Ғаламда, – жалғаншы келте білем?..

 

                                                        30.03.17 ж.

 

   24.Базына

 

Өзіңе байлаулы – Ант, Ар, Санам!

Отқа саласың, суға маласың,

Ормандай шулап ағашың,

Шатқалды шатынатқан дарияша тулап ағасың!..

...Көбелек қанатының дірілін бал тамсаған

Һәм көз жасын ауырлаған кірпігімнің

Салмағын артам саған!

 

                                               31.03.17 ж.

 

      25.Қапастағы қарғыс

 

Түскенмін қай дұзаққа бұл? –

Қара төбеттің қып-қызыл тісі абалап тұр,

Қара тәбеттің сұп-сұр тілегі қамалап тұр!

Сәуле түсірер Ай да ұзақта жүр...

Қан-қан жүрегім – пәлекеттің көздегені,

Іздеуші еді ол өзге нені –

Басыңнан байғыз аттағыр!

 

                                               31.03.17 ж.

 

      26.Айдың тууы

 

Жұртпыз-ау бағы кейін –

Шалжиып шалқасынан

Ай – ашып туды абыройын!

Жандар ек көктем күткен,

Қыс әлі зіркілдеп тұр өктемдікпен!

...Жүректі қалтыратып Кәрі Үрейім:

«Ей, Жаңа Ай, не сыйың бар тағы?..» – дейім...

 

                                                         31.03.17 ж.         

 

27.Жырдың тууы. Ай-Шөрек*

 

Не үшін туды қайсы өлеңім? –

Біледі Ай себебін...

Бір суынам, ысынам,

Осы, неге Ай толғанда ұшынам?..

Сүйіп тұрып күйікті ұмыт қыламын –

Ай-Шөректің* емшегінің ұшынан…

О сол сәт жазып жырдың най – серегін,

Жариялаттым тасқа бастым да –

Сен бар деп аспан астында, Ай-Шөрегім!..

                  

31.03.17 ж.

 

-----------------

Ай-Шөрек* – көне қазақ он бесінен толған айды осылай атаған.

 

           28.Тылсым табысу

 

Шығардай өлесі үн ғафыл:

«Шын сүйсең, – алтын құлыпқа келесің де ақыр...»

Ай-Шөрек, ұға аласың ба? –

Жүрек шұғарасында

«Шешінген марал» секілді елесің жатыр!

...Сырды текке жасырғам – салқын күліп,

Мөрдей көкке басылған,

Айдың құлағында көне сырға тұр –

алтын құлып!..

 

                                                                  01.04.17 ж.

 

     29.Қимаш-әкімнің «қағидасы»

 

Тұмсығы түтін сарып,

Тастады ойын ортаға сыр ғып:

«Зікір салып –

Оралмақпыз ба үңгірлік-ортағасырлық өмір салтына?!»

Былай дедім, көне алмай оның шартына:

«Қалады ертең сән-салтанат, қимас кеш,

Құзарға кеп тіреледі қиғаш көш.

Үңгірден терең, зынданнан керең қабірде

Нені, кімді зікір етпексің, Қимаш-дос?!.»

 

                                                        01.04.17 ж.

 

30.Хауф-Рижа

 

Шын асыл иман табамын ба?

Болам ба «Дидар-Талабында»?

Ғибадат шаһарын тұрғыздым,

Шаһарға жұмақ баһарын кіргіздім...

Ылғи қатер күтем шайтани шәргілдіктен,

Кентімді торлап жүр малғұн біткен...

Бұл жаңалық емес, бірақ – сөйлейді көмес шырақ:

«Болсаң етті Аллаңа ессіз ғашық,

Болар еді-ау Дидары сөзсіз нәсіп!..»

 

                                                                 02.04.17 ж.

 

            31.Жантәсілім

 

Ұйықтар алдында мен ылғи,

Өмір дуынан  шығып кете алмай көңіл-күй –

Аласұрамын...

Сөніп болмайды лыпылдап қара шырағым...

Кетпейді үрей қу көңілден:

Әзірейіл кеп алқымнан тарпа басарда –

Шығып кете алмай дулы өмірден,

Жанталасам ба?..

 

                                                        02.04.17 ж.

 

32.Қос көбелектің таңдауы

 

Таң:

Ақ көбелек гүлге қонды –

шырын алды.

Кеш:

Қара көбелек шамға қонды –

күлі қалды.

Түн:

Ал, ақын, таңда жолды,

Алдыңда екеуінің бірі қалды...

 

                                       03.04.17 ж.

 

          33.Әдеби әуейінің «әлемі»

 

Ол ілкі сәби сапарында әлеми –

Көрші баланың көлігін қорасына тығып тастаған!

Ал алғашқы қадамын әдеби –

«шоппайымен» қарға өлең жазып бастаған!

Сол күйі оның «ышқырдан» бойы аспаған,

Себебі әлі күнге, «әдеті» қысса –

Жолдағыны «кетегіне» әкеткісі келіп тұрады!

Дәреті қысса –

Әдебиеттің ауласына «кәк» еткісі келіп тұрады!

 

                                                                03.04.17 ж.

 

  34.Реинкарнациялық үкім

 

Оны озалда Жаратқан –

Құзғын қарға ғып жаратқан...

Дауыл ұрғанда әр тараптан,

Ол қара дұға қымтап қанатына,

Қосылып кеткен адам һәм қаламгер санатына!

...Боқты сөзіңізбен, оқты көзіңізбен

Жетер, былғағаныңыз арамызды!

Құзғын мырза,

Батырыңыз қараңызды!..

 

                                               03.04.17 ж.

 

          35.Үркер-тілек

 

Үркерім-ау,

Жүзіңді тағы бұлтпен бүркедің-ау!..

Ол несі? –

Жұлдыз біткеннің өңгесі

Сені қорлағалы, сені торлағалы жүретіндей!

Жердегі күшік-самал да саған қарап үретіндей...

...бозарып, тозаңып, қазағып тұрған кейпіңді көрсем, –

Кеңейіп, тарайып кетеді күрке-ғалам!

Тұрғай да Үркер аман!..

 

                                                                     03.04.17 ж.

 

         36.Құсни-Жамал жыры

 

Бұл да бір «Ісіми-ғамал» –

Мен саған арзу болдым, Құсни-Жамал!

Күлкіңді кірпігіме байладым,

Көз жасыңды талдардың бүртігіне байладым,

Сәулеңді таулардың күртігіне байладым...

Үңіліп дидарыңа алам көмек –

Алланың сипаттарын табам ба деп?!

Құсни-Жамал, жаныңа үйлесер ме ем –

Хақ сүйіп жаратқанды сүймесем мен?!.

 

                                                        03.04.17 ж.

 

       37.Құлдықтан қорыну

 

Осындай ма ек?..

Торлайды топас тұлдық,

Қорлайды қапас құлдық...

Біздік Жүрек пен Сүйек ылайықты ма –

Кәпірдің осы кәріне?!

«Есіктер ашылғай! – деп, –

баттасып қаннан, тат басып қалған!» –

қылайық дұға

сәріде...

 

03.04.17 ж.

 

38.Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Қос ахуал

 

Осы хәлді неше кешірем –

Әулиеге бекер сиынып па едік?!

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен

Оқиды жазу кіл көгершін жиылып келіп!

Аһ, сосын, «Аллаһулап» салады-ай «жаһри зікір»!

...Туа жазыла ма тілек пешенеге? –

Кіріп көрмепті Жүрек-Кесенеге –

Іргесінде туған жәһіли күпір!..

О, тоба!..

 

                                               03.04.17 ж.

 

         39.Ер Мәдіні күту

 

Жасындар бұтақтанып,

Қара бұлт қалды өртенбей тұтап барып!

Қара тас аңсардан қарс айрылып,

Гүл жыртты қанаттарын аңша Айға ұлып!

Жартасты жуас толқын қарғи сүзді,

Күтіп жүр бәрі-бәрі, Маһди, сізді!..

Тас түсініп мені, шатырлап қанат... құс ұққан,

Көкірегім лапылдап барад... ышықтан!

Соғады сақылдап сағат!..

 

                                                        03.04.17 ж.

 

    40.Төртінші Қаттың аңсары

 

Көк қаты – тылсым Жүректен:

«Сағындым сізді!» деген бір күрсін дір еткен...

Қажытты қыстың сергелдеңдері,

Көтере алар ма жаным бұл сызды?..

Тұрғызар, бірақ көрден де мені,

Деген үн жетсе сол Қаттан: «Сағындым сізді!..»

Тәуба ғып шыннан сағынар Жүрек барына,

Төртінші Қаттың қайтамын түнеп бағына!..

 

03.04.17 ж.

 

  41.Елеске арбалу

 

Шандоз ғаламнан – 77 түске боялған,

Елес көрдім мен, ой, Аллам!

Шайдан да тәтті, нәйдан да тәтті – тәп-тәттім,

Сыйлады ол маған күп-күрең шаттық, әппақ мұң...

Пәк еді неткен – Сұбхан-Хақ сүйіп жасаған,

Арбайды нұры. – Пәруана болдым есалаң...

Шырқайналам Нұрды –

Хирқа-қанатыма тағып тәубе шашағын,

Өртенген сайын – күл емес, Сәуле шашамын!

 

03.04.17 ж.

 

  42.Тағы Ай-Шөрек туралы

 

Шайқалып шайтабағы көркем,

Ай толады ертең.

Шайын ішкенде Ай-шараның,

ұмытылып бейшара күн,

Жан, бәлки жай табады, еркем...

Қосылып күткен думанға,

Сіңіп кетемін жыршы түнге мен –

Сүйегімді сүтпен жуғанда

Ай-Шөрек – Жүрек құсап нұр шүпілдеген!..

 

03.04.17 ж.

 

43.Үркер мен Айдың тоғысы

 

Үркер мен Айдың тоғысы – сәуірдің төртіне келді,

Жүректің тілкем соғысы – әуірдің өртіне көмді.

Сеніскен илһам-тілектің беріскен серті не болды?..

Куә-дірлікке «Ғайберен-Шілтен» кеп –

Біз қашан тоғысамыз Ай менен Үркер боп?

Қашан ашылар шымылдық – шілтер көк?..

Қамайды күркемді өрт...

Жалайды білтемді от...

 

                                                        04.04.17 ж.