11 мам, 2022 сағат 19:25

Сурдлимпиадада ұлттық құрама капитаны қола жүлдені жеңіп алды


Бразилияда өтіп жатқан сурдлимпиада ойындарында таэквандодан жарыстар аяқталды. Ұлттық құрама капитаны, 58 келіде сынға түскен Аян Әбдіраш қола жүлдені жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Сондай-ақ, 68 келіде ел намысын қорғаған Нұрдәулет Жақып пен +80 келіде Фрундин Виктор да үшінші орынға тұрақтап, қола медаль иегерлері атанды. 

Ал, ядро лақтырудан Ольга Хижнякова Қазақстан қоржынына үшінші күміс жүлдені салды. Спортшымыз 12.32 м нәтижесімен екінші орынға тұрақтады. Бірінші орынды Украина спортшысы жеңіп алса, үздік үштікті Колумбия өкілі қорытындылады. 

Сонымен қатар, жеңіл атлетикадан Фархат Қыстаубаев кедергілермен жүгіруден қола жүлдені иеленсе, Раушан Бейсебай сырықпен секіруден үздік үштік қатарынан көрінді. Ал, Ольга Хижнякова балға лақтырудан тағы бір қола жүлдені жеңіп алды. 

Сонымен, Қазақстан қоржынында 3 күміс, 15 қола жүлде бар.

Бразилияның Кашиас-ду-сул қаласында жазғы Сурдалимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі өткенін хабарлаған болатынбыз. Байрақты бәсекеде әлемнің 100 елінен 3500 спортшы бақ сынап жатыр.