Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Еуразия экономика одағы аясында Қазақстан экспортын шектеп тұрған басты проблемаларды атады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазір бірқатар мәселе бар. Біз оларды «сұр тізім» деп атаймыз. Оған алкогольді өнімдер, акцизді өнімдер, антидемпингті салықты тергеу, бәсекеге қабілетті ұсыну мәселелері кіреді. Оның бәрін дұрыстап зерттеп, қарастыру керек. Оған қатысты сұрақтар бұрыннан туындап келеді. Тағы бірі – мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік сатып алуға қолжетімділік, әртүрлі ақпараттық жүйелер мен цифрлық қолтаңбалар. Мұның бәрі - бәсекеге қабілет мәселесі. Әртүрлі кәсіпорында ондай мәселе бар. Оның бәрі әлбетте Еуразия экономикалық комиссияда қаралып жатыр. ҚҚС бойынша ставка әртүрлі. Ресейдегі ҚҚС-тің жоғары ставкасы менің ойымша экспортты ынталандырмайды – басқа елдерден тауардың кіріп кетпеуін қадағалайды», - деді Руслан Дәленов Парламент Сенатының отырысында.
Министр бұл тұрғыда өз ойын білдірді.
«Ресей Федерациясы кез келген тауарды шекарада 20 пайыздық қосымша құнмен күтіп алады. Ал Қазақстанда импорттық тауарлар бойынша бұл ставка 12 пайыз. Бұл тұрғыда ставкасы жоғары мемлекетте басымдық болуы мүмкін. Екінші жағынан экспорт кезінде экспорт туралы расталатын құжат алу қиын, яғни нөлдік ставканы пайдалану күрделі. Егер кәсіпорын шағын болса, Қазақстандағы контр-серіктес тауарды РФ-дан алып келе жатқанын растауы керек. Ресейлік экспортер үшін нөлдік ставканы пайдалану әрдайым сәтті бола бермейді. Сол себепті олардың тауары бойынша ставка 20 пайыз болып қала береді», - деді ол.
Руслан Дәленов Қазақстандағы 12 пайыздық ставка экспортқа өнімді шығаруға жол ашатынын айтып өтті.
«Нөлдік ставканы қаламайтындар 12 пайызбен өтеді. Қазақстандық кәсіпкерлерде жалпы РФ-ға өнімін экспорттауда басымдық бар», - дейді Руслан Дәленов.