17 сәу, 2024 сағат 17:45

Судың деңгейі әлі түскен жоқ – СҚО-лық ерікті

Фото: qyzyljarnews.kz


Солтүстік Қазақстан облысында 1648 үйге су кірді және бірнеше күнде Есіл өзеніндегі су деңгейі төмендейді деп күтіліп отыр. Қазіргі уақытта апатты жою бойынша жұмыстар жүргізілуде, әсіресе еріктілер көп көмек көрсетеді, ауыз су басқа қалалардан да әкелініп жатыр. Осы орайда Ult.kz тілшісі Солтүстік Қазақстан облысында тасқынмен күресіп жүрген СҚО волонтерлер штабының координаторы, ерікті Әлфараби Мыңбайды сөзге тартты.


Еріктінің сөзінше, облыста судың деңгейі әлі түспеген.


«Бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан облысындағы су тасқынына байланысты Төтенше жағдай қызметкерлерінің дереу іс-қимылы арқасында бізде адам шығыны болған жоқ. ТЖ қызметкерлері мен еріктілердің көмегінің арқасында бізде мал шығыны да орын алған жоқ. Себебі бізде ауылдарда және елді мекендердегі эвакуациялық жұмыстар дер кезінде жүзеге асырылғандықтан мал шығыны, адам шығыны туралы естіген жоқпыз. Мен өзім осы СҚО бойынша волонтерлер штабында координатор болып жұмыс істеп жатырмын.
Зардап шеккен тұрғындардың және үйсіз-күйсіз қалған тұрғындарға медициналық-психологиялық көмек көрсету жұмыстары қарқынды жүзеге асырылып жатыр.  Облысымыздағы психолог мамандар тартылған және қоғам белсенділері зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, сөйлесіп, сабырға шақырып жұмыс істеліп жатыр. Нақты айтар болсақ, көбіне балалармен жұмыс жүруі  жалғасып жатыр. Ата-анасының көңіл-күйін көрген балалар да психологиялық қиындықтарға ұшырауы мүмкін болғандықтан психологтар барынша жергілікті оқушылар, үй-күйсіз қалған ата-аналардың балаларымен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, олармен психологиялық сабақтар өткізіп жатыр. Бізде қазіргі таңда Петропавл қаласында орналасқан эвакуациялық орталықтың барлығында психолог және медицина мамандары қамтылған. Оны гуманитарлық көмек алып барып жүрген кезде өзіміз де көріп жүрміз», дейді ерікті Әлфараби Хусанұлы.


Жалпы оқу орындарының жоспары қазіргі таңда онлайн форматқа ауысқан. Кейбір мектептер, кейбір жатақханалар эвакуациялық орынға ауысуына байланысты оқушылар мен студенттердің сабағы онлайнға көшкен.


«Тұрғындардың басты мәселесі, үйінен бір күнде айырылып қалған тұрғын болғандықтан оларды басты мазалайтыны тұрғын үй мәселесі. Қалай, қай уақытта қалпына келеді дегендей сұрақтар бар. Өздеріңізге белгілі, бүгін Президент Қ.К.Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысына келіп, эвакуациялық аймақта орналасқан тұрғындармен кездесті. Мемлекет басшысы өз сөзінде, әрбір зардап шеккен отбасыға бір реттік 100 МПР ақшалай қолдау болады және жазғы уақытта барлық тұрғындардың қалауы бойынша үй салынады. Екіншіден егер үйді алғысы келмеген тұрғындар болса, оларға көп қабатты үйден пәтер беруге тырысамыз дегендей қылды. Қазіргі таңда, Президенттің өзі келіп халықпен кездескеннен кейін халықтың сәл де болса көңіл-күйі орнында деп айтсақ та болады. Жергілікті басшылық та ТЖ қызметкерлерімен бірге су тасқынының алдын алу бойынша жұмыстар істеп жатыр. Бізде өңірімізде алдағы 10 күн бойы әлі де қауіп күтіліп отыр, себебі судың деңгейі әлі түскен жоқ. Ал біздегі басшылық мамандары эвакуацияланған аймақтарға, пунктарға орналасқан тұрғындармен кездесулер өткізіп, оларға мемлекет тарапынан қандай көмектер көрсетіледі, соның барлығын жеке кеңес өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Былайша айтқанда, нақты эвакуациялық орындардағы тұрғындардың жағдайы бірдей десек те болады. Барлығын басты мәселесі, жоғалған мал-мүлік, үй салу мәселелері мазалап тұр», дейді Әлфараби Мыңбай.


Еріктінің сөзінше, Президенттің «судан зардап шеккен тұрғындардың ешқайсысы мемлекет назарынан тыс қалмайды» деген сөзі қуат беріп, барлығына үй салып, шығындарын өтеуге көмектеседі деген үміт сыйлаған.