01 сәу, 2024 сағат 12:32

Су тасқыны: Қостанайда 12 ауыл аралда қалды



Қостанай облысының Аманкелді ауданындағы 12 ауылға жол жоқ. Тек тікұшақпен ғана қатынауға болады, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» 24 арнаға сілтеме жасап.


Кейінгі үш-төрт күнде ол жаққа азық-түлік, тұрмыстық заттар әуе арқылы жеткізіліп жатыр. Аманкелді ауданы орталығының стадионы соңғы үш-төрт күнде ұшақ алаңына айналды. Су қоршауында қалған ауылдарға азық-түлік тек осы жерден жеткізіледі. 


Су құрсауында қалған ауылдарға тікұшақпен кезекті көмек апара жатыр. Бұл жолы Алакөл, Қабырға және Жаңатас ауылдарына ұн, т.б. азық-түліктер, басқа да қажеттіліктері, гуманитарлық көмек жеткізілді. Ал қайтарда ол қауіпті аймақтардан 16 адам эвакуацияланды. 


Қабырға ауылында малдарын қарайлап оншақты ер адам қалған. Тасқын су қоршауында қалған елді мекендердің бірі – Жаңатай ауылы. Мұнда оншақты үй бар. Осы ауылдан он адам эвакуацияланды. Негізінен әйелдер мен балалар. 


Қазір Аманкелді ауданында су тасқыны бәсеңдегені байқалады. Ал өңірдің орталық, солтүстік бөлігінде енді қарқын алады деген болжам бар.


«Қазіргі кезде Қарасу, Әулиекөл, Науырзым, Қамысты, Сарыкөл, Меңдіқара, Ұзынкөл аудандарында су тасу қаупі бар. Сондай-ақ Ресейден мол су келуі мүмкін. Мамандардың айтуынша көрші елден келетін мол су бірінші кезекте Жітіқара ауданына күрделі жағдай тудыруы әбден ықтимал», - дейді Қостанай облыстық ТЖД маманы Владислав Ковалёв.