© Sputnik / Алексей Мальгавко
Батыс Қазақстан облысында 2 399 бас мал қырылған, оның 341-і ірі қара, деп «Ұлт ақпарат» "Мой город" порталына сілтеме жасап.
БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Берік Сейітқазиев Орал мен бірқатар ауданда су тасқынынан бүлінген ауыл шаруашылығы нысандары, оның ішінде өсімдік шаруашылығы бар екенін айтты.
"Су тасқыны салдарынан күздік дақылдар, шағын шаруашылық қоймалары мен жылыжайлардағы тыңайтқыштар бүлінген. Олардың саны әлі нақтыланған жоқ. Нысандар Бәйтерек ауданының, Теректі және Бөрлі аудандарының аумағында және Орал қаласында орналасқан", - деп атап өтті Берік Сейітқазиев.
Оның айтуынша жеке және заңды тұлғаларға келтірілген залалды өтеу ережесі әзірленіп, қазіргі уақытта келісу сатысында тұр.
"Аудандарда құрылған комиссия залалды есептеу үшін су басқан нысандарға барады, бірақ кейбіреулері әлі де суда. Қазіргі уақытта 22 өтінім келіп түсті: Теректі ауданы-3, Бөрлі ауданы-1, Бәйтерек ауданы – 16, Орал- 2", — деп хабарлады ол.
Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, құтқару жұмыстары барысында 6 912 бас ауыл шаруашылығы жануары, оның ішінде 2 696 бас ІҚМ, 3 082 бас ұсақ мал және 1 134 жылқы, бір түйе эвакуацияланды.
Комиссия 2 399 жануардың, оның ішінде 341 ірі қара малдың өлгенін растады.
Өтемақы төлеу үшін 187,5 млн теңге бөлінді. 137 өтініш бойынша аудандық әкімдіктер 177 бас ІҚМ, 671 бас ұсақ мал, 46 жылқы, 54 шошқа және 52 құс үшін 126,9 млн теңге төледі.