Фото: Мәжіліс
Бүгін таңертең Атбасар ауданында Жабай өзеніндегі судың деңгейі 5,95 метрге жетіп, арнасынан асып тасыды. Осыған байланысты аудан әкімі Аманбек Қалжанов тұрғындарға үндеу тастап, төтенше жағдай жарияланғанын хабарлайды, - «Ұлт ақпарат» Kazinform-ға сільтеме жасап.
Әкімнің үндеуі Атбасар ауданы әкімдігінің желідегі ресми парақшасында жарияланды.
«Биылғы жылдың 11 сәуірінде Жабай өзенінде су деңгейінің күрт өсуіне байланысты сағат 04:43-те топырақпен қоршалған бөгетің алты учаскесі бұзылып, су қалаға кірді. Су деңгейі тез көтеріліп, қауіпті деңгей 5,95 метрге жетті. Осыған байланысты су тасқыны қаупі бар аймақтың барлық тұрғындары үйлерін босатуы керек. Қазіргі уақытта ауданда төтенше жағдай режимі жарияланды», - деді аудан басшысы тұрғындарға.
Сонымен бірге, аудан әкімі тұрғындарды дүрбелеңге түспеуге шақырды.
Сонымен қатар, Атбасар қаласында № 2, 3, 5, 6, 7 орта мектептер және «Олимп» ДСК, Балалардың музыка мектебінде эвакуация пункттері ұйымдастырылған.
«Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға залал өтеледі, ол үшін комиссия құрылып, зардап шеккен үйлерді дереу тексеретін болады. Менің басшылығыммен аудан әкімдігі жанындағы су тасқынына қарсы штаб ұйымдастырылды», - деп түйіндеді Аманбек Қалжанов.
Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі кезде барлық ескерту жүйелері дереу іске қосылды. Тұрғындарды эвакуациялау, сондай-ақ объектілер мен тұрғын үйлерді қорғау бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр.
Сонымен бірге, су кірген аймақтарда мотопомпалардың көмегімен су сору жұмыстары қолға алынған. Оған Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінен 400-ден астам адам және 100 техникасы жұмылдырылған.
Айта кетсек, бұдан бұрын Атбасарда тағы 123 адам эвакуацияланған еді.