Фото ©️ Tengrinews.kz / Турар Казангапов
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев су тасқыны салдарынан бүлінген қора-қопсы мемлекет қаржысы есебінен қалпына келтірілмейтінін айтты, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Tengrinews.kz -ке сілтеме жасап.
Үкімет отырысында министр су тасқынынан кейін тұрғын үйлерді қалпына келтіру бойынша қандай шаралар қабылданғанын түсіндірді.
"Тұрғын үй жарамсыз деп танылған жағдайда екі механизм бар. Әкімдіктің шешімі бойынша, осы өңірде пәтер сатып алынады - жәбірленушімен келісілген таңдау бойынша. Немесе бұл тұрғын үйді қайта саламыз. Яғни, тұрғын үймен қамтамасыз етудің екі тетігін үкімет ресми түрде қабылдады", - деді Шарлапаев.
Оның айтуынша, қазір тасқыннан зардап шеккендерге 100 АЕК (369 200 теңге, 1 АЕК – 3 692 теңге) өтемақы берілген.
"Бірақ ауланы, қораларды және тағы басқасын қайта тұрғызбаймыз. Себебі басты мақсатымыз - халықты баспанамен қамтамасыз ету", - деді Қанат Шарлапаев Үкіметтің отырысынан соң.
Оның пікірінше, бюджет қаржысы орынды жұмсалуы керек.
"Уақытша құрылыстарды қайта тұрғызудың керегі бар ма, жоқ па? Біздің пікірімізше, ең алдымен халықты баспанамен қамтамасыз ету керек. Сондықтан басқасын қайта тұрғызбаймыз. Оны түсіну керек. Себебі, көп адам (су тасқыны салдарынан) үйсіз қалды. Менің ойымша, біздің аз ресурсты қораға, басқа мәселеге жұмсауға болмайды", - деді министр.
Бұған дейін өнеркәсіп және құрылыс министрі жаңа үйлерді салуға бөлінетін 22 миллион теңге ешкімнің қолына берілмейтінін айтқан еді.