Жұдырықтай жұмылған жұртпен бірге еліміздің студенттері де қолынан келгенше Арыс халқына көмек беруде, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазақстан студенттер альянсы республикалық ұйым болғандықтан, Түркістан облыстық және Шымкент қалалық штабтарымыз бар. Бізде Арыс қаласында екі колледж орналасқан. Онда 800-ден астам студент оқиды. Сол студенттерден түскен ақпаратқа сәйкес, біздің Альянс бірден халыққа көмек көрсету жұмыстарын бастап кеткен. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдармен бірлесе волонтерлік штабтар құрылды. Сол аумақтағы ауылдық жерлерге көшіру жұмыстары жүргізілуде. Әлеуметтік желі дамығандықтан, желі арқылы барынша көмек тарту жұмыстары жүргізілуде. Студенттер осы уақытқа дейін қаншама ата-аналарға баласын тауып берді», - деді ОҚК-да өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан студенттер альянсының президенті Ілияс Түстікбаев.
Оның айтуынша, Түркістан мен Шымкент студенттері ғана емес, жақсылық жасауға республиканың бүкіл студенттері атсалысуда.
«Нұр-Сұлтан қаласының әкімінің орынбасарымен шұғыл отырыс өткізіліп, елорда жастарынан Арысқа көмек ретінде акция басталды. Республика 34 мекенжайында орналасқан Жастар сарайының үшінші қабатында гуманитарлық және материалдық көмек жинау орыны ашылды. Көмектесемін деген адамдар сол жерге бара алады. Сонымен қатар, елорда студенттері қан тапсыру акциясын бастады. Қан тапсырған адамға 600 теңге көлемінде ақша беріледі. Сол ақшаны студенттер Арыс халқына көмектесу үшін ашылған ресми шоттарға аударуда», - деді ол.
Ілияс Түстікбаев Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің қызметкерлері кеше 13 млн теңге аударғанын да айтып өтті. Ол университетке қарасты 3 жатақханаға бес жүзден адам жатқызылған. Елордадағы бірнеше университет те бір күндік жалақыларын аударып жатыр. Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Арыс қаласының тұрғындарын, балаларын - 1000 адамды қабылдауға мүмкіндік барын жеткізген.
«Қайғылы жағдай орын алған күннен бастап 150 студент волонтерлармен бірге жұмыс істеп жатыр. Көбі көліктерімен халыққа қолғабыс етуде», - деді Ілияс Түстікбаев.