Фото:depositphotos.com
Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде студент қыздардың жеке деректері тарап кетті. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек оқиғаға қатысты пікір берді, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Tengrinews.kzке сілтеме жасап.
"WhatsApp желісіндегі 190 адамнан тұратын старосталар тобында студент қыздардың тізімі бар 4 құжат жіберілген (1-курстан 4-курсқа дейін). Қызыл түспен белгіленгендер флюорографиядан өтуі керек екен. Қарапайым тізім болса не керек, онда қыздардың толық аты-жөнінен басқа олардың ЖСН, ұялы телефондары және медициналық деректері болған. Сондай-ақ, олардың қайсысы вирго (гинекологиялық тілмен айтқанда - пәк), қайсысы вирго емес екені туралы ақпарат бар. Құжаттар топтарға, факультеттерге және т.б. чаттарға тарап кеткен. Бәлкім, оны бүкіл университет көрген шығар", - делінген жазба Qumash Telegram-арнасында пайда болды.
Министр Саясат Нұрбек журналистерге оқиғадан хабардар екенін айтты.
"Жеке деректерді, әсіресе медициналық сипаттағы деректерді беру, әрине, заңды бұзу болып табылады. Біз бұл мәселені бақылауға алдық, өйткені бұл жерде тікелей заңбұзушылық бар. Кінәлілер қолданыстағы заңнама бойынша жазаланады. Бұл туралы заң бар. Жеке деректерді қорғау туралы заң бар. Бұл әкімшілік құқық бұзушылық болуы мүмкін.
Сірә, бұл жеке деректерге немқұрайлы қарау. Бұл мәселені қатаң реттеу керек. Жалпы, бұл мәдени мәселе. Тіпті жеке куәлікті де мессенджер арқылы жібереміз", - деді Ғылым және жоғары білім министрлігінің басшысы.