22 ақп, 2022 сағат 15:23

Страндж кубогы: Қазақстандық 10 боксшы ширек финалда


Болгария астанасы София қаласында бокстан дәстүрлі «Страндж кубогы» өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кіші әлем чемпионаты» аталып кеткен халықаралық турнирде қазақстандық былғары қолғап шеберлері де сынға түсуде. 

Аталған турнир 19 ақпанда басталған болатын. Бүгін алғашқы іріктеу жекпе-жектері аяқталып, ширек финалға шыққан боксшылар белгілі болды.

Нәтижесінде Қазақстан ерлер құрамасынан ширек финалға 10 боксшы шықты.

Атап айтсақ, Санжар Тәшкенбай, Даниял Сәбит (екеуі де 48 келі), Дамир Әбдіқадыр, Тимур Қабдешов (екеуі де 51 келі), Махмұд Сабырхан (54), Абзал Серік (63,5), Дулат Бекбауов (67), Сағындық Тоғамбай (86), Абзал Құттыбеков (92) және Нұрлан Сапарбай (92 келіден аса) ширек финалға шықты.

Бұл халықаралық жарысқа 36 елден 450 боксшы қатысып жатыр. Олардың қатарында Олимпиада, әлем және Еуропа чемпиондары да бар. 

Турнир 28 ақпанда мәресіне жетеді.