22 жел, 2025 сағат 18:14

Стоматологияда үш жасар қыздың қайтыс болуы: анестезиологқа үкім шығарылды

Фото: видеодан скриншот

Астанада Dent Park Ortho стоматологиялық клиникасында қаза тапқан үш жасар баланың өліміне байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша үкім шықты. Анестезиолог Аида Жұмағалиева кінәлі деп танылғанымен, амнистияға ілігіп, жазадан босатылды, деп хабарлайды Ult.kz.

Үкімді судья Қажымұқан Мекемтас жариялады. Сот Аида Жұмағалиеваны Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлігі бойынша — кәсіби міндеттерін тиісінше орындамау салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соққаны үшін кінәлі деп таныды. Оған екі жылға бас бостандығынан айыру және үш жыл мерзімге медициналық қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

Алайда Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай қабылданған амнистия туралы заңға сәйкес, сотталушы негізгі жазадан босатылды.

Айта кетейік, қайғылы оқиға 2024 жылғы 30 қазанда Астанадағы жеке стоматологиялық клиникада болған. Үш жасар Зере Есентай бір күнде 18 тісін емдеу кезінде көз жұмды. Тергеу барысында наркоздың жоспарланған уақыттан ұзаққа созылғаны және медициналық бақылауда бірқатар өрескел кемшіліктерге жол берілгені анықталды.

25 қарашада өткен сот отырысында марқұм балаға көрсетілген медициналық көмек сәтінен бейнежазбалар ұсынылған. Мемлекеттік айыптаушы Еркебұлан Шалқаровтың айтуынша, сараптама қорытындысына сәйкес, балаға стоматологиялық ем алдын ала толық тексерусіз жүргізілген.