Фото: Қарағанды облысы әкімдігі
Теміртауда Ескі қала тұрғындарын жылытатын ҚарГРЭС-1 апатты жағдайға байланысты мазутқа көшті. Температуралық режим сақталып, 86/64 жоспарымен салыстырғанда 87/65-ті құрайды. Станцияда жанармай қоры жеткілікті, деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
"Теміртаудағы жағдайға қатысты. Мен кеше түнде сонда болдым. Жедел шаралар қабылданды. Қазір станция штаттық режимде жұмыс істеп тұр", – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аппарат отырысында.
Жылу беру маусымының барысы туралы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов пен қала және аудан әкімдері есеп берді.
"Жеті энергия және жылу көзі қалыпты жұмыс істеп тұр. Теміртау қаласындағы 2-ЖЭО-да бүгінде бес қазандық пен үш турбина жұмыс істеп тұр. №1 қазандық пен бір турбина жөндеуден өтіп жатыр", – дейді Ербол Төлеуов.
Оның айтуынша, стансаларда көмір мен мазут жеткілікті.
Ермағанбет Бөлекпаев барлық қазандық пен әлеуметтік қамсыздандыру нысанында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыруды тапсырды.
"Өмірлік маңызы бар нысандардың жұмысына бақылауды күшейту қажет. Тағы да энергетикалық қадағалаумен бірге барлық ЖЭО қараңыз. Төтенше жағдай орын алған жағдайда жедел топтар дайын болуы керек", – деді өңір басшысы.