«S&P Global Ratings» рейтинг агенттігі Қазақстанның тәуелсіз несие рейтингін «BBB-» деңгейінде «тұрақты» болжаммен растады. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Агенттіктің пікірінше, Қазақстанның рейтингі елдің тұрақты бюджеттік жағдайының арқасында өз орнында тұр. Оның ішінде Ұлттық қорда жинақталған қаражат пен сыртқы қарыздың төмендігі, Үкіметтің пандемияның жағымсыз көріністерін ауыздықтауға бағытталған шаралары, сондай-ақ мемлекеттік институттардың тұрақтылығы мен болжамдығының жоғары деңгейін айтуға болады.
Рейтинг агенттігі басқа жетекші халықаралық қаржы институттарымен бірге қысқа мерзімде ұлттық экономика күрт қалпына келеді деп болжайды - орташа өсу қарқыны 2021-2023 жылдары шамамен 4% құрайды.
S&P өткен жылы ұлттық экономика өсімінің негізгі факторы - шикізаттық емес сектор, оның ішінде құрылыс, көлік және өңдеу секторы болғанын атап өтті. 2020-2022 жылдары шикізаттық емес сектор ұлттық өндірісті қалпына келтіру мен өсірудің қозғаушы күші болып қала береді.
Жаслан Мәдиев хабарлағандай, 9 наурыздан бастап «S&P Global Ratings» 57 елдің несие рейтингтері мен болжамдарын қайта қарады, соның ішінде Австралия, Бразилия, Чили, Жапония, Малайзия, Мексика, Эстония және Өзбекстанның көрсеткіштері нашарлаған.