26 ақп, 2025 сағат 16:19

"Спорт залда ұйықтап, оқу сыныбында тамақ ішуге мәжбүр": Әсет Бейсеуов пен Асқар Тоқпанов оқыған мектептер мүшкіл күйде

Фото: yandex.kz

Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов Алматыда орналасқан, жарты ғасыр тарихы бар Ибрагим Нүсіпбаев атындағы №4 мектеп-интернатының мүшкіл жағдайын айтып, ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновке сауал жолдады, деп хабарлайды Ult.kz. 

"Ол Алматы қаласындағы алғашқы қазақ мектебі деуге болады. Білім ошағы малшылардың дарынды ұл-қыздарының, әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасылардан шыққан және жетім балалардың үлкен қалада сапалы білім алуы үшін арнайы салынған болатын. 
Білім ошағы Алматы қаласында орналасқанымен, Алматы облысына қарайды. Осынау байырғы мектеп қабырғасынан елімізге белгілі көптеген тұлғалар шыққан. Олардың қатарында белгілі жазушы Смағұл Елубай, әйгілі композитор Әсет Бейсеуов, қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Асқар Тоқпанов сынды елге еңбегі сіңген, әр саланың майталманына айналған  бірегей қайраткерлер бар. Өзім де осы мектептен білім алып, қалыптастым. Дегенмен, еліміздегі ең ірі мегаполис – Алматының қақ ортасында орналасқан бұл білім ордасының қазіргі жағдайы өте мүшкіл. Мектеп жиырма жылдан астам жөндеу көрмей әбден тозығы жеткен", -деді депутат.


Депутат Қасқарауовтың сөзінше 350 оқушыға арналған мектепте бүгінде оқушы саны екі есеге қысқартылып, 176 бала білім алып жатыр. Алайда олар спорт залда ұйықтап, оқу сыныбында тамақ ішуге мәжбүр. 

Мектепке күрделі жөндеу жүргізу үшін үш жыл бұрын бюджеттен 503 миллион теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсын «ГрадСтройСервис» ЖШС ұтып алған болатын. Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары төрт айдың ішінде аяқталуы тиіс еді. Бірақ жауапсыз мердігер өз міндеттерін сол күйі орындамаған. 

"Сонда осыған жауапты құзырлы мекемелер қайда қарап отырған деген заңды сауал туындайды?! ХХІ ғасырда, Алматы қаласының дәл ортасындағы мектепте оқушылардың осындай адамтөзгісіз жағдайға түсірілгенін қалай түсінуге болады?!" -дейді ол.


Қазіргі уақытта осы білім ордасын Алматыдан Қонаев қаласына көшіру мәселесі көтеріліп жатыр екен.
Бірақ бұл шешімге осы білім ошағының түлектері, мұғалімдер мен оқушылардың ата-аналары алаңдап, көшіруге түбегейлі қарсы болып отыр. Мұны депутат өте орынды деп есептейді.

"Өйткені бұл шалғай ауылдардан келген қарапайым еңбек адамдарының балаларын үлкен қалада, зиялы қауымның ортасында білім алып, заман талабына сай тұлға болып қалыптасуына жол ашатын мүмкіндіктен айыру болмақ. 
Сондықтан бұл тарихы терең, өзіндік дәстүрі бар оқу ордасын жылы орнынан қозғамай, күрделі жөндеуден өткізіп, заманауи оқу құралдарымен жабдықтап, жетілдіре түсу керек. Бұл жерде халықты Алматының ортасында орналасқан мектептің жерін алып қоя ма деген күмән алаңдатып отыр. Себебі осыған дейін Алматы қаласындағы № 2 мектеп-интернаттың жері алынып, орнына зәулім тұрғын үйлер салынғанын бәріміз білеміз. Бұл оқу ордасы да соның күйін кешкелі отыр. Сондықтан бұған жол беруге болмайды деп есептейміз", -дейді Данияр Қасқарауов. 


Депутат мектепті жөндемеген компания басшылары мен басқа да жауапты мекемелерді жан-жақты тексеріп, тиісті жауапқа тартуды, мектепті жөндеуден өткізіп, оны көшіру туралы шешімнен бас тартуды сұрады.