Аккредиттелген спорт федерацияларының жауапкершілігін күшейту керек. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Аккредиттелген спорт федерацияларының жауапкершілігін күшейту керек. Мемлекеттік тапсырыс аясында 2018 жылдан 2021 жылға дейін Ұлттық Олимпиада комитеті мен федерацияларға 65 млрд теңге бөлінді. Бірақ, спорттың көптеген түрінен оң динамика жоқ. Федерациялар қызметін бағалаудың нақты критерийлері болмауы салдарынан қаражат тиімсіз жаратылып жатқан сияқты. Бұл бүгінгі күні жұмыс істеуіміз қажетті ең маңызды мәселелердің бірі», - деді Ералы Тоғжанов Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.
Сонымен қатар вице-премьер федерацияларды мемлекеттік қаржыландыру көлемі ендігі уақытта қалай айқындалуы тиістігіне қатысты ойымен бөлісті. Федерациялар басшыларының жауапкершілігі төмен екендігін де баса айтты.
«Осыған орай әрбір олимпиадалық циклге арналған меморандумдарды федерациялармен рәсімдеу тәжірибесін енгізуді тапсырамын. Осы жылдан бастап федерацияларды мемлекеттік қаржыландыру көлемі олардың нәтижелелері мен қызметтеріне байланысты айқындалуы тиіс», - деді Үкімет басшысының орынбасары.