28 шіл, 2016 сағат 23:29

"Кектің лаңы" немесе алты адамды аяусыз өлтірген Руслан Күлікбаев кім?.. (видео)

Алматыда жалғыз өзі 24 минуттың ішінде сегіз адамды жаралап, алты адамды аяусыз өлтірген Руслан Күлікбаев кім? 

Бұл кадрлар - Мақсат пен Мөлдірдің бақытты сәттерінің үзіктері. Полицияның кіші сержанты Мақсат Сәлімбаевтың шаңырақ құрған тойының  куәсі болған суреттер ғана - өткен күннен белгі береді. Олар бақытты еді ол кезде. Қос жастың мөлдір махаббатынан дүниеге келген Айару қыздарының да жасқа толу қуанышын  көппен бөліскен еді. Екінші кішкентайларының дүниеге келуін күтіп жүрген кезде бақытты шаңырақ қара жамылды. Бейбіт күнде шағын шаңырақтың отағасы  оққа ұшты. 


ҚЫЗҒАЛДАҚ СӘЛІМБАЕВА, Марқұм Мақсат Сәлімбаевтың анасы:

- Туғаннан мен гаишникпін деп мақтанатын. Әскерге барып келді, ДВД-да істеді ГАИ-ге ауысты. Бұйырмаған шығар. Үш ай қызмет істеді. 

Күндегі әдетімен жұмысына күліп кеткен Мақсат сол кеткеннен үйіне, ата-анасына, өзін "ағалап" айрықша жақсы көретін қарындасына, кішкентай қызы мен сүйікті жарына оралмады. Оралтпады оны. Сәлімбаевтардан өзге тағы бес шаңырақ қара жамылды. Алты үйде аналар жоқтау айтып, балалар әкелерін іздеп, жылады. Бейбіт күнде азаматтарымыз оққа ұшып, қыршын кеткен боздақтарды елі ақтық сапарға шығарып салды.   Осыншама отбасы азаматынан, бауырынан, ұлынан, әкесінен қапыда көз жазып қалды. 

АЙТБАЙ НҰРИМАНОВ, Марқұм Ғани Нұримановтың әкесі:

- Ана екі немерем бар. Сол екі қанатым аман болсын. Соларыма арқа сүйеп, кішкене тірі отырмын. Әйтпесе баяғыда өліп кететін ем. 

Қандықол қылмыскердің қолынан жарақат алған тағы сегіз азамат аурухана төсегіне таңылды. Айналасы 24 минуттың ішінде қолы қалтырамай, қаншама полиция қызметкеріне оқ жаудырып, қалада қаруымен емін-еркін қылмысын жүзеге асырған Руслан Күлікбаев кім? Үстінен қылмыстық кодекстің 8 бірдей бабы бойынша іс қозғалған күдікті жасаған қылмысы үшін, әлі де өкініп  отырмаған сыңайлы. Бұл туралы полиция қызметкерлерімен тілдескен күдіктінің әйелі айтып берді.

АЯУЛЫМ ҮМБЕТҚҰЛОВА, Руслан Күлікбаевтің әйелі:
- Аллаһқа уәде бергем деп, түрмеден аман алып шықсаң, мен ертең бүкіл менттарды қырам деп. 

Аяулым Үмбетқұлованың сөзінше, Күлікбаев өзін тергеп жатқан құзырлы орган қызметкерлеріне, "кеш болмай тұрғанда, өлтіріп тастаңдар, бұл бер жағы" деп сес көрсеткен көрінеді. Тіпті, егер полиция бөлімшесінде ғимаратқа кіруге бөгет темір есік болмағанда, құрбандардың саны бұдан да көп болар еді"  - деген көрінеді. Полиция, прокуратура, сот  қызметкерлеріне осыншама өшігетіндей Күлікбаевта қандай себеп болды? 

АЯУЛЫМ ҮМБЕТҚҰЛОВА, Руслан Күлікбаевтің әйелі:
- Сосын тағы да арматура жұтыпты. Ішінде үлкен шрам бар екен. Сұрадым "бұл не?" деп. Түрмеде ауыр болды, сол кезде арматура жұтып, ішіме операция істеткем деді. 

Осы қылмысына дейін де екі мәрте түрмеге отырып келген күдіктінің бұл соңғы шыққан кезінде жылап отырып, айтып бергені, -  дейді Аяулым. Бірақ Күлікбаев ашылып әңгімесін айта қоймайтын адам, сөзге шорқақ-тын, - дейді әйелі. Ал, Күлікбаевтің анасының телефонына қоңырау шалғанымызда, бауыры Нұрлан көтерді. Анасының соңғы жағдайлармен байланысты, ауырып жатқанын айтқан Нұрлан Күлікбаев, інісінің мінезінен соңғы кезде өзгеріс байқамағанын айтады. 

НҰРЛАН КҮЛІКБАЕВ, Руслан Күлікбаевтың ағасы: 
- Бауырыңыздың мінезі қандай еді? - Салмақты жақсы болатын. 16 жасынан намаз оқыды ма? - Білмеймін, ол үйде тұрған емес. Алматыда тұрды. Соңғы кездері мінезіндегі өзгерісті сіздер байқадыңыздар ма? - Жо жоқ, жақсытұғын. 

Ал, Алматыдағы атышулы оқиғадан үш күн бұрын күйеуінің қасында болған Аяулым Үмбетқұлова болса, түрмеге соңғы отырып келгелі бері,  мінезі де тым өзгеріп кетті, қайда барып-келетінін де сұраудан қалдым. Өйткені, ол сұрағыма таяқпен жауап беретін деген Аяулым, соңғы кездесулерінен бұрынғы отбасылық кикілжің, күйеуімнің маған мәжбүрлі түрде нихаб ки деген талабымен байланысты болатын дейді. 

АЯУЛЫМ ҮМБЕТҚҰЛОВА, Руслан Күлікбаевтің әйелі:

- Сен менімен тұратын болсаң, нихаб киесің деді. Көзіңді былай қалдырып, паранжі киесің деді. 

Сондай-ақ  Аяулым Үмбетқұлова, күйеуінің бірде-бір досын танымайтынын, тіпті көрмегенін айтады. "Өйткені, ол ешқашан мені қонаққа барғанда да қасына ертпейтін. Тіпті, екеуіміздің де аузымыз берік болғанда, ауызашарға  шақырған жерге жалғыз баратын" - дейді. Тек осы айтқандарыма тергеушілер күмән келтіреді, тіпті маған сес көрсетіп жатыр дейді. 

АЯУЛЫМ ҮМБЕТҚҰЛОВА, Руслан Күлікбаевтің әйелі:

- Заң алдында менімен адам сияқты сөйлессе екен деп. Сен жена террориста деп көзімді шұқитындай, мен мұны қалап алған жоқпын ғой. Оған Алматыны қырсын деген жоқпын ғой. 

Күлікбаевқа неге көп тоқталдық? Өйткені, ресми түрде оның әрекеті лаңкестік деп танылғанымен, көптің көңілінде көп күдік қалды. Біріншіден, ол бейбіт тұрғындардың арасымен еркін жүрсе де, қаруын көбінде полиция қызметкерлеріне кезенді. Оның о бастағы мақсаты мен көздегені басқа адамдар болғанын  ішкі істер министрі де арнайы мәлімдеген-ді. 

АЯУЛЫМ ҮМБЕТҚҰЛОВА, Руслан Күлікбаевтің әйелі:

- Первая мысль была убить судей. Что его неправильно осудили. Зачем ты в гражданского стрелял?! Он считает что он полицейский. Зачем ты убил на Абая человека? Он говорит он показал документ, пытался меня остановить, я его расстрелял. 

Онда жалғыз жүріп қаншама полиция қызметкерін жайратып салған атқыштың бұл әрекеті лаңкестіктен гөрі, кек алуға келіңкірейді. Бірақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы  оның салафизм ағымы өкілдерімен түрмеде жатып, ауыз жаласқанын айтқанымен, қылмыстық атқару комитеті бұл пікірмен келіспеген еді. Ал, ауған соғысының ардагерлері болса, Руслан Күлікбаевтың кәсіби атқыш еместігін айтады. Тек оған төтеп беруге әзір болмадық деп отыр. 

МҰРАТ АБДУШКУРОВ, Ауған соғысының ардагері:

- Жақын қашықтықта және адам көп шоғырланған жерде нысанаға дөп тигізу аса қиындық тудырмайды. Оның үстіне, ол спортпен айналысқан. Оның тапаншасында оқ таусылып қалған. Әйтпесе, адам шығыны бұдан да көп болуы мүмкін бе еді. Қысқасын айтқанда, қоғам да, күштік құрылымдар да дайын болмады мұндайға. 

Ал, күні кеше марқұм Мақсат Сәлімбаевтың әйелі Мөлдір ауруханадан шықты. Жүктілігінің төрт айлығында қаралы хабарды көтере алмаған келіншек, денсаулығы сыр беріп, медициналық мекемеге түскен екен. Оның үстіне, сегіз ай бұрын туған әкесінен айырылған Мөлдір, өзіне демеу болған сүйіктісінен көз жазып қалғанына әлі де сенбейді. Айаруына да әкесінің жоқтығын естіртпепті.

Біздің білуімізше, Руслан Күлікбаевтың жақындарына Байқоңырдың аумағынан шығуға тыйым салынған. Тергеу амалдары біткенше, көрші ауылға да шыға алмай отырғанға ұқсайды. Ал, Күлікбаевтың қолынан бірінші болып қаза тапқан 1985 жылғы Өзбекстандық азаматша Садықованың денесін туыстары еліне алып кеткен. Қылмыскердің әйелінің айтуынша, Күлікбаев, қайтыс болған азаматшаға "Рамазан айының бас жағында екінші мәрте  жеңіл жүріспен айналысқаныңды көрсем, өлтіремін" деп алдын-ала  ескерткен де көрінеді. Осы орайда Күлікбаевтың заңды әйелінен өзге тағы  некедегі басқа  әйелі болғаны да белгілі болды. Бұл туралы күдіктінің заңды әйелі полиция қызметкерлерінен естіпті. Бұл істе әлі анықталып үлгермеген, айқын болмаған деректер өте көп. Белгілі бір ғана жайт бар - қолына қару алған бір ғана қылмыскер айналасы 24-ақ минуттың ішінде Алматының астан-кестеңін шығарды.

"31-арна"