18 ақп, 2025 сағат 17:37

Шенеуніктерден қайтарылған активтер: құнды бұйымдар аукционға қойылады

Фото: E-Qazyna.

Қазақстанның қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компаниясы бұрын шенеуніктер мен кәсіпкерлерге тиесілі болған 63 сәнді лотты аукционға шығармақ. Бұл лоттардың жалпы құны – 353 миллион теңге, деп хабарлайды Ult.kz.

Аукционның басты әшекейі – De Beers сырғалары. 6 каратты гауһар тастармен безендірілген бұл сырғалар 158 миллион теңгеге бағаланып отыр.

Сатылымға қойылған басқа да құнды бұйымдар:

  • Van Cleef & Arpels алқасы — 55 млн теңге (17 карат гауһар);
  • Yeprem жүзігі — 14,7 млн теңге (85 гауһар тастармен әшекейленген);
  • Frank Muller алқасы — 7,5 млн теңге (230 гауһар).

Әшекейлердің бұрынғы иелерінің есімдері ресми түрде жарияланған жоқ.

Фото: E-Qazyna.

Аукцион 4-7 наурыз аралығында бағаны көтеру форматында өтеді. Қатысу үшін E-Qazyna платформасында тіркеліп, кепілдік жарна төлеу қажет.

Сонымен қатар, бұған дейін олигархтардан тәркіленген қымбат сағаттар ақпан айының соңында бөлек аукционда сатылатын болады.