Сот сараптамасының барлық түрлерін бір мемлекеттік органға шоғырландыру Елбасының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында қойған міндеттеріне сай келеді. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Әділет министрлігі Сот сараптама орталығының директоры Исидор Борчашвил осылай деді.
Спикер сот-сараптама қызметін жетілдіру мақсатында «Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметi туралы» заң жобасы әзірленіп, қазіргі таңда Парламент Мәжілісінде қаралып жатқанын атап өтті.
«Заң жобасы сот-медициналық, сот-наркологиялық және сот-психиатриалық сараптамаларын жүргізу бойынша міндеттерді Денсаулық сақтау министрлігінен Әділет министрлігіне беру арқылы сараптама міндеттерін бір мемлекеттік органда орталықтандыруды, сот-сараптама қызметінің мақсаттарын кеңейтуді, жеке сот сарапшылар институтын дамытуды, сондай-ақ Сот сарапшылар палатасын құруды көздейді», – деп мәлімдеді И.Борчашвил.
Ол Ұлт жоспарының негізгі бағыттарын жүзеге асыру аясында жеке сот сарапшылар институтын дамыту арқылы жалпы сот-сараптама қызметінің сапасын арттыру көзделгенін жеткізді. «Сот сарапшылар палатасы жеке сот сарапшылардың қызметін үйлестірумен айналысады», – деді Орталық директоры. Өз кезегінде Сот медицина орталығы директорының орынбасары Руслан Сатыбалдиев орталықтың Әділет министрлігі құрылымына ауысқалы бері сот сараптамаларын жүргізудегі құқықтық мәселелері жақсарғанын атап өтті.
Сот медицина орталығы бұрын Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің қарамағында болған, ал өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап Әділет министрлігінің құрылымына ауысты. Сол себептен де шілде айында сот-наркологиялық сараптамасын жүргізу функциясы, ал биылғы жылдың 1 шілдеден бастап сот-психиатриялық сараптамасы Әділет министрлігіне берілген. «Қазіргі таңда Сот-медицина орталығы қылмыстық, азаматтық істер және әкімшілік құқық бұзушылық істер бойынша сот-медициналық, сот-наркологиялық және сот-психиатриялық сараптамалар жүргізеді, – деді ол.
Айта кетейік, қазіргі уақытта сот-медицинасы қызметі саласында 682 сарапшы қызмет етеді, соның ішінде 4 медицина ғылымдарының докторы, 26 ғылым кандидаты, 221 жоғары санатты сарапшы бар.
Айдар ӨРІСБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»