Ақтөбе гарнизонының соты Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бұрынғы басшысы Ғалымжан Жантөринге 6 миллион теңгеге жуық айыппұл салып, «полковник» шенінен айырды және мемлекеттік қызметтен өмір бойына шеттеді.
Жантөриннің бопсалау арқылы ауданды қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшыларынан кандидаттардың медициналық комиссиядан кедергісіз өтіп, әскери-техникалық мектепке түсуі, әскерге шақырылғандардың борышын өтеуін кейінгі қалдыру және жалпы әскерилерді қорғап жүру үшін пара алғаны анықталды. Ол 4 адамнан 10 мыңнан 100 мың теңгеге дейін пара алған жерден ұсталды.
Сот Ғ.Жантөринді ҚР ҚК 366-бабы 3-тармағы бойынша айыпты деп тауып, оған 5 950 000 теңге көлемінде айыппұл салды. Енді ол мемлекеттік қызметтен өмір бойына шеттетілді. Сонымен қатар, жеке мүлкі мемлекет пайдасына тәркіленеді.
Сот барысында Ғ.Жантөрин өз кінәсін толығымен мойнына алды. Сот үкімі күшіне енді.