Фото:RFE/RL
Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты пікір білдірді деп хабарлайды «Ұлт Ақпарат».
«Бишімбаевтың ісі бойынша объективті сот болады деп ойлаймын. Сот ашық түрде өтіп жатыр. Барлығы обьективті болады», - деді Шындалиев журналистерге.
Еске салсақ, 12 наурызда Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты соттың алдын ала тыңдауы өтіп, сот алқа билердің қатысуымен өтетіні айтылған. Бас прокурордың орынбасары алқа билердің пара алғаны анықталса жауапқа тартылатындарын айтты.
«Алқабилерге де қатысты жауапкершілік бар. Егер ондай фактілер(пара алу. ред) анықталса, алқабилерді таратуы мүмкін», - дейді Әсет Шындалиев.
Ал сот отырысына екі күн бойы журналистердің кіре алмауына қатысты Бас прокурордың орынбасары былай деді:
«Барлық қамауда отырған адамды күзеттің қоршауымен сотқа алып келеді. Ол Бишімбаев қана емес, барлық қамаудағыларға солай. Сот деген телешоу емес қой, онда тәртіп болуы керек. Сіздерге экранға тікелей эфирден не болып жатқанының барлығы трансяция арқылы көрсетілді», -деп отыр ол.
Журналистердің сұрағына қысқаша жауап беріп, сытылып кетпек болып, жүгіре бергенде Шындалиевтің алдында тұрған Бас прокуратураның парламенттегі ресми өкілі Мейрамбай Кемалов жерге құлап түсті. Кемелов орнынан тұрғаннан кейін Бас прокурордың орынбасары ары қаратай жүгіріп, есікті жауып алды.