Фото: ҚР ҚМ
Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Сорбұлақ көлінде жоғалып кеткен Әуе қорғанысы күштеріне тиесілі EC-145 тікұшағын іздеу операциясының барысымен танысты, деп хабарлайды Ult.kz.
Министр іздеу алаңында болып, әскери-әуе күштерінің қолбасшысы, авиация генерал-майоры Асқар Ізбасовтан есеп алды.
Іздеу жұмыстары тәулік бойы үздіксіз жалғасуда, алайда судың лай болуы, түбінің шөгінді және тереңдігінің ауытқуы операцияны қиындатып отыр. Соған қарамастан, 25 шілдеде жоғалған тікұшақ экипажын табу үшін барлық ресурстар жұмылдырылған.
Дәурен Қосанов жоғалған ұшқыштардың туыстарымен де кездесіп, оларға моральдық қолдау білдіріп, операция соңына дейін жалғасатынын айтты.
«Біз іздеуді тоқтатпаймыз. Жақындарына қолдау көрсетеміз, барлық шаралар қабылдануда», – деді Қорғаныс министрі.
Экипаж командирінің ағасы Медет Ержігіттің айтуынша, ұшқыштардың туыстары да таңнан кешке дейін іздеу орнында жүр. Олар әуеден де, жерден де іздестіру жұмыстарына куә болып отыр.
Еске сала кетейік, 400-ден астам адам, 70-тен астам техника, 21 жүзу құралы, 10 ұшқышсыз ұшу аппараты, эхолоттар мен суасты сканерлері іздеу жұмысына жұмылдырылған.
Бұған дейін ТЖМ құтқарушылары жоғалған тікұшақтың бөлшектерін тапқанын жазғанбыз.
