Фото: Мәжіліс
Бүгін Парламент мәжілісінің жалпы отырысында депутат Нартай Сәрсенғалиев әскердегі сарбаздардың түрлі дене жарақатын алып, тіпті кейбіреуі қайтыс болып жатқаны туралы мәселе көтерді, деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".
Депутаттың айтуынша, әскердегі қылмыстың салдарынан көптеген ата-аналар өз балаларын әскери борышын өтеуге жіберуге құлықсыз.
"Мәселен, соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған, ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген, 20 әскери адам өз-өзіне қол салуға оқталған. Бұл – әскери прокуратура мәлімдеген ресми сан. 2023 жылғы тамызда әскери бөлімшелердің бірінде командир әскерге жаңадан келген сарбазды орындықпен ұрып, соққыға жыққан. 2024 жылдың маусым айында Жамбыл облысының бір әскери бөлімшесінде әскерге келгеніне бір-ақ ай болған сарбаз ес-түссіз жансақтау бөліміне түскен", - дейді Нартай Сәрсенғалиев.
Сонымен қатар депутат әскерде жүріп, басынан жарақат алып, 5 ай бойы ес-түссіз жатқан Ұлттық ұланның жауынгері Ербаян Мұхтардың және Ақтау горнизонында қайтыс болған Марат Барқұловтың жағдайын сөз етті.
"Жауаптылар жауапкершіліктен жалтарып, «Ербаян дәретханаға құлап, жарақаттанды» дейді. Бұған кім сенеді? Жарақаттың салдарынан сарбаздың басының жартысын алып тастауға тура келген. Енді оған тұрақты күтім қажет. 7 қыркүйек күні Ақтаудағы горнизонда сарбаз Марат Барқұлов есімді бауырымыз көз жұмды. Оны офицер атып тастаған. Бұл қасақана жасалған әрекет пе, жоқ па? Аталған сұрақтың жауабын тергеу орындары әділ зерттеп, нәтижесін қоғамға ашық түрде жеткізуі керек", - дейді ол.
Мәжілісмен "әскери бөлімдерде 50 мыңнан астам бейнекамера бар" деп мәлімдеген Қорғаныс министрлігінің сөзін еске алып, ондағы жазбалар қайда екенін сұрады.
"Әлде Ербаян секілді бауырларымыз жарақат алғанда әлгі камералар теріс қарап қалды ма?" - деді Н. Сәрсенғалиев.
Әскердегі әлімжеттік мәселесін АМАНАТ партиясы 2022 жылы көтерген, алайда жағдай түзелмек түгілі, ушығып, сарбаздардың әскерде жарақат алып, қайтыс болуы жалғасып жатыр дейді депутат.
"Осы тұста тағы бір түйткіл бар, әскери қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы төмен. Олардың айлығы шайлығына жетпейтіні, әлеуметтік жағдайларының төмен екені әмбеге аян. Бұл жағдайды түзету де кезек күттірмейтін мәселе", - деп отыр депутат Сәрсенғалиев.
Мәжіліс депутаты Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа жолдаған сауалында келесі шараларды қолға алуды ұсынды:
1. Еліміздің армиясындағы аталған келеңсіздікті тыю және оның алдын алу бойынша нақты шаралар қабылдау.
2. Әскерилердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған
іс-әрекеттерді күшейту.