Жуырда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығы және Алматы облысында құрылған «Жалайыр Шора» бүркітшілер мектебінің 30 жылдығына орай Ескелді ауданы Cырымбет ауылында «Саят» Ұлттық спорт түрлері бойынша «Сонар-2017» Халықаралық құсбегілер жарысы өтті.
Үш күнге созылған жарысқа еліміздің әр өңірінен және көрші Қытай, Моңғолия, Қырғызстан мемлекеттерінен ұзын саны 60-тан астам құсбегі қатысты. Ұлттық бүркітшілік өнерді қайта түлетуді мақсат еткен осы шараның ашылуында Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысушылар мен жиналған көпшілікті құттықтай келе, мұндай жарыстардың алдағы уақытта жиі өткізілуіне барынша қолдау көрсетілетіндігін айтты.
Жарыстың бірінші кезеңінде құстардың аңға түсу шеберлігі, құсбегімен ара-қатынасы, шырға тарту шеберлігі бағаланып, мықтылары ақтық кезеңге өтті. Ал, финалда қаршыға, ителгі және қыран бүркіттерді құсқа, қоян мен түлкіге салу арқылы жеңімпаздар анықталды.
Сондай-ақ, үш күнге созылған дәстүрлі шараны өткізу барысында жарысты тамашалауға жиналған көпшілік қолдарына қыран қондырған құсбегілердің сал-серілік өнерін де қызықтай алды.
Жарыстың қорытындысы бойынша бүркіт салудан Астана қаласынан Серікбек Күнтуған, атыраулық Арман Күшқаров, Жамбыл облысынан келген Серікболсын Жалғасұлы үздік деп танылса, ителгі салудан Алматы облысының қатысушылары қара үзіп шығып, Қуаныш Исабеков, Медет Шалипов, Досымжан Жамбыл жеңімпаз атанды. Қаршыға салу бойынша жетісулық Бексұлтан Сейітжан, Ринат Мырзабаев және Жамбыл облысынан Берікболсын Бабажан марапатталды.
Сонымен қатар, үздік өнер көрсеткендерге ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, ҚР «Қансонар» аңшылар қауымдастығы және «Қыран» федерациясы Біржан сал, Ақан сері, Қапез сал атындағы арнайы сыйлықтарын табыстады.
Жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар берілді.
Бұл жарысты ҚР Спорт комитеті, Алматы облысының әкімдігі, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, "Қыран" федерациясы мен "Қансонар" аңшылық орталығы ұйымдастырды.