09 қар, 2017 сағат 12:43

Солтүстік өңірлерге көшетін қазақстандықтарға ақша бөліп, тегін баспана беру ұсынылды

Депутат Оңтүстік Қазақстан облысынан солтүстік өңірлерге көшетін отбасыларға уақытша тегін баспана беруді ұсынды, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz.

Депутат Әлімжан Құртаев ҚР Парламент Сенатының жалпы отырысында халықты ОҚО-дан СҚО-ға өз еріктермін қоныстандыру туралы мәселені қозғады. Депутат биыл оңтүстіктен солтүстік өңірлерге 362 отбасыны көшіру жоспарланып отырғанын айтты.

Ал келесі жылдары Оңтүстік Қазақстан облысынан Солтүстік Қазақстанға 7 мыңнан аса отбасыны көшіру жоспарда бар екен.

Сондықтан, депутаттың айтуынша, отбасыларды көшіру бағдарламасын әлі жетілдіру керек.

"Біз солтүстік аудандардағы мигранттарға бөлінетін ақшаларды төлеу механизмін қайта қарауды ұсынамыз. Себебі көптеген мигранттардың не жұмысы, не отбасылары жоқ. Олар көшкісі келеді, бірақ олардың ақшасы жоқ немесе жетпейді. Көбі көшіп келе салып табыс таба алмайы. Кем дегенде 1-2 ай жұмыссыз болады. Ақшалай жәрдемақыға қатысты мәселені қайта қарауды ұсынамын", - деді депутат Құртаев.

"Оңтүстіктен солтүстікке көшетін адамдар өздерінің үйлері болғанын қалайды. Бұқаралық ақпарат құралдарынан солтүстіктегі ауылдарда бос тұрған үйлердің өте көп екенін білеміз. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдағыларға қоныс аударушыларға сол үйлерде 5 жыл уақыттай тұрып, кейінірек оларға сол үйлерді жекешелендіріп алуларына мүмкіндік беруді ұсынамыз", - деді депутат.

Мұның алдында қазақстандықтарды солтүстік өңірлерге көшіру үшін қанша қаражат жұмсалатыны айтылған еді. Еңбек және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, 2017 жылы еңбек мобильділігі бағдарламасын жүзеге асыруға 710 миллион теңге бөлінді.

Еске сала кетейік, осыған дейін солтүстік өңірлердің тұрғындарының саны 2050 жылға қарай 5 миллион адамға көбейетіні жайлы хабарланған болатын. "Бірінші жартыжылдықта 672 адам - 320 отбасы басқа өңірлерде жұмыспен қамтылау мақсатында мекен-жайларын ауыстырған. Олардың 424-і еңбекке жарамды отбасылардың мүшесі. Сондай-ақ, олардың 75 пайызы немесе 320-ы жұмыспен қамтамасыз етілген. Жаңа мекен-жайлары бойынша оларға жалдамалы тұрғын үй беріліп, көші-қон шығыны өтеледі", - деген еді денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Нұрымбетов.